17:03, 26 Ақпан 2010 | GMT +5
Ақтөбеде «Экологиялық-экономикалық инвестициялық жобалар» кеңесі өтті
АҚТӨБЕ. Ақпанның 26-сы. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Бүгін «Капитал плаза» бизнес-орталығында ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің басшылығымен «Экологиялық-экономикалық инвестициялық жобалар» кеңесі өтті.
«Қаралып отырған тақырып біздердің бәріміз үшін көкейкесті, өйткені біздер экономикалық, әлеуметтік және экологиялық аспектілер теңгерімін қатаң ұстанамыз», - деді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Роза Кемалова.
Қазіргі уақытта Ақтөбе облысында 10 мыңнан астам табиғат пайдаланушылары жұмыс істейді, олардың ішінде 375 кәсіпорын экологиялық қауіпті болып табылады.
Іс-шараға ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Сағынбек Мұташев, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда облыстарындағы құқық қорғау қызметтерінің және ірі кәсіпорындардың, Ақтөбе облысындағы екінші деңгейлі банктерінің өкілдері қатысты.