Ақтөбеде ІІД ғимаратын жарып жіберуді жоспарлаған 3 лаңкес сотталды
деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.
Қылмыстық топ облыстық ІІД ғимаратын жарып жібермекші болған. Ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысы Жасұлан Аббасов Қылмыстық кодекстің бірнеше баптары бойынша, оның ішінде ҚР ҚК-нің 233-1 бабы, 1 бөлімі, 233-2 бабы ,255 бабы, 3 бөлімі, 252 бабы, 3 бөлімі, 255 бабы, 1 бөлімінде көрсетілген қылмыстарды жасағаны үшін сотталды. Ол қатаң режімдегі түзеу мекемесінде жазасын өтеумен, 11 жылға бас бостандығынан айырылды.
Оның сыбайластары - Арман Құшанов пен Малика Тілеулина жалпы режімдегі түзеу мекемесінде жазасын өтеумен 8 және 6 жылға сотталды.
Тексерудің материалдарына сәйкес, топтың мүшелері экстремистік сайттың «ережелеріне» жүгіне отырып, пәтердің ішінде жарылғыш затты қолдан жасаған. Олар бұл лаңкестікті Ақтөбе қаласында арнайы операция кезінде өлтірілген бауырларының кегін қайтару үшін іске асырмақ болғаны белгілі болып отыр.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.