Ақтөбеде қалалық тілдер фестивалі өтіп жатыр
Ақтөбе қаласы мәдениет бөлімінің тілдерді дамыту секторының меңгерушісі Айша Құлбатыр хабарлағандай, сәуір айында фестиваль ауқымында Оралхан Бөкейдің шығармашылығына арналған байқау болып өтті. Оның қорытындысы бойынша бірінші орынды Ақтөбе педагогикалық институтының студент қызы Қымбат Қуантаева, екінші орынды Қ.Жұбанов атындағы АМУ студенті Гүлзира Меңдеш, үшінші орынды педагогикалық институттың студенті Тоғжан Жолаева мен Көлік және коммуникация колледжінің оқушысы Нұрболат Сабырбаев иеленді.
Тілдер фестивалі аясында өткізілген «Тілдарын-2011» олимпиадасына жас ұстаздар, тәрбиешілер мен студенттер қатысты. Қазылар алқасының құрамында тілдік саланың мамандары - филология ғылымдарының кандидаттары, аудармашылар мен журналистер болды.
Нәтижесінде олимпиада жүлдегерлері Толқынай Сарымсақова (қаржы-экономикалық колледж), Гүлнұр Досмағамбетова (Новый ауылының орта мектебі), Инабат Жайлыбаева (Ақтөбе қаласының №1 орта мектебі), Нұрсұлтан Қартабаев (кооператив колледжі) мен Гүлсана Әлмамбетова (Ақтөбе қаласының №41 орта мектебі) атанды.
Биылғы жылы фестиваль аясында тоғыз байқау өткізіледі, олардың соңғысы маусым айының бас кезінде болмақ.