Ақтөбеде қарттар күніне 110 миллион теңге бөлінді
Ақтөбеде қарттар күніне арналған салтанатты шара өтті. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қарияларды мерекемен құттықтап, қажырлы еңбектері үшін алғыс айтты. «Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаты ең алдымен әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталғанын жақсы білесіздер. Қазақстанды дамытуға, тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуы үшін тер төккен ардагерлерге қамқор болу - басты басымдықтардың бірі болып табылады. Қазақстанның бүгінде жемісті дамуы - аға ұрпақтың қалаған мықты іргетасының нәтижесі. Біз сіздердің алдарыңызда борыштармыз. Мемлекет басшысы айтқандай сіздер - Қазақстанның алтын қорысыздар. Сіздердің ақылдарыңыз, даналықтарыңыз бен өмірлік тәжірибелеріңіз жас ұрпақты тәрбиелеуге жұмсалуы қажет», - деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев. Шараға 100-ге жуық зейнеткер мен ардагер шақырылды. Оларға арнайы концерттік бағдарлама әзірленді. Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, мерекелік шарада облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кеңес Бірманов, еңбек ардагерлері, Ақтөбе облысының құрметті азаматтары Сматолла Беркімбаев, Сапар Сағынтаев, еңбек ардагері Николай Дуля сөз алды.
Айта кетейік, Ақтөбе облысында жасы жетіп, зейнетке шыққа 88 мың адам бар. Олардың 90-ы Ұлы Отан соғысының ардагері, 7 мыңнан астамы тыл ардагері. Өңірде соғыс ардагерлерінің барлығы баспанамен қамтамасыз етілді. Биыл Жеңіс күніне орай 9 мыңнан астам соғыс және еңбек ардагеріне 287 миллион теңге көлемінде материалдық көмек берілді. Ал қарттар күнінде 20 мыңнан астам қарияға 110 миллион теңге материалдық және қайырымдылық көмек көрсетіледі.