Ақтөбеде қылмыстық топтың 9 мүшесі ұсталды

Полицейлер 18 жастағы жігітті өлтірді деген екі күдіктінің Ақтөбенің 12-ші ықшам ауданындағы пәтерлердің бірінде тұрып жатқаны туралы жедел ақпарат алады.
Пәтерге күтпеген жерден кіру үшін полицейлер теледидардың кабелін кесіп, оны сыртқа тарта бастайды. Іштегілердің бірі есікті ашқан кезде, полицейлер пәтерге сау етіп кіреді. Бірінші болып кірген полиция майоры Тұрлан Жангелдинге күдіктілердің бірі қолдан жасалған темір қылыш сілтейді. Қорғану тәсілін қолданған полицей қылмыскерді қарусыздандырады. Сол сәтте пәтерде болған тағы төрт адам қарсыласпастан беріледі, ал біраз уақыттан кейін пәтерге кіріп келген қылмыстық топтың тағы 4 мүшесі тәртіп сақшыларының қолына түседі. Пәтерді тінту кезінде екі мылтық, шолақ мылтық, пневматикалық тапанша, 4 пышақ, 4 радиостанса және оқ-дәрі тәркіленді. Ұсталғандар тұрақты қылмыстық топтың мүшелері болып шыққан және олар Темір ауданының аумағында бірнеше ауыр қылмысты жасағандарын мойындады, деп хабарлады облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен.
Аса ауыр қылмысты ашуда көрсеткен жоғары кәсібилігі үшін, сондай-ақ қылмыскерді ұстау кезінде көрсеткен батылдығы үшін полиция майоры Т.Жангелдинді марапаттау туралы Ішкі істер министрлігіне қолдау хат жіберілді.