18:35, 03 Мамыр 2013 | GMT +5
Ақтөбеде ТКШ бөлімінің мемлекеттік қызметкерлері мен мердігер компания басшылығы 19 млн. теңгені жымқыруға күдіктелуде
АҚТӨБЕ. 3 мамыр. ҚазАқпарат - Ақтөбелік қаржы полицейлері Ғазиза Жұбанова көшесіндегі автомобиль жолын күрделі жөндеуге бөлінген ақша қаражаттарын жымқыру фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 3-бөлімі 176-бабымен қылмыстық іс қозғады.

Қылмыстық іс «Ақтөбе қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі» мемлекеттік мекемесінің лауазымды адамдары мен «Пилон-МС» ЖШС мердігерлік компаниясының басшылығына қатысты қозғалып отыр.
Бұл адамдар 2009 жылы Әбілқайыр хан даңғылынан Мәншүк Мәметова даңғылына дейінгі Ғ.Жұбанова көшесіндегі автомобиль жолын күрделі жөндеуге бөлінген қаржыны қызмет бабын пайдалана отырып, иемденуде және ақша қаражаттарын талан-таражға салуда айыпталып отыр, олар қиыршықтасты жол жабынына салу жұмысының құнын көтеру арқылы 19 млн. теңгені ұрлаған.