Ақтөбеде Үздік ауылдық округ анықталды

АҚТӨБЕ. 13 қараша. ҚазАқпарат - Қалалық «Геолог» мәдениет үйінде «Ауыл - еліміздің асыл қазынасы» атты фестиваль болып өтті. Оған Ақтөбе қаласының Қарғалы, Благодарный, Қурайлы, Сазды және Новый ауылдық округтерінің көркемөнерпаздар ұжымдары қатысты.
None
None

Фестивальдің мақсаты - «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында халық шығармашылығы, өнер мен фольклор, салт-дәстүрлерді насихаттау және дамыту, қалың жұртшылықты көркемөнерпаздықпен айналысуға шақыру.

Фестиваль талаптары бойынша, әрбір ауылдық округ би, вокал, хор, халық аспаптары ансамблі мен оркестр сияқты түрлі жанрларда 30 минуттық концерттік бағдарламасын ұсынуы тиіс. Қатысушылардың жасына шектеу қойылмайды, байқаудың ең кіші қатысушысының жасы 6-да, ең үлкені - 80-де болды.  Фестивальге барлығы 200-ден астам адам қатысты.

Фестиваль қорытындылары бойынша әрбір жанрда үздік орындаушылар, сондай-ақ талантты тұрғындарының қатысуымен қызықты бағдарлама дайындаған үздік ауылдық округ анықталды. Нәтижесінде Ақтөбенің Қарғалы ауылдық округі үздік болып танылды.

Жеңімпаздарға қала әкімінің дипломдары мен ақшалай сыйлықтар табысталды.

Соңғы жаңалықтар