Ақтөбедегі колледжердің бірінің студенті өзге бір студентті намаз бен жиһадқа итермелеген

Облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, кәмелетке толмаған жасөспірім алғашында ҚР ҚК 96-бабы - «Адам өлтіру» бойынша айыптап, кейін ол түрлі жағдайларға байланысты 99-бап - қажетті қорғаныс деңгейін асыру салдарынан адам өлтіру бабына ауыстырылды. Осы бап бойынша айыпталушы жеткіншек екі жылға бас бостандығынан айырылды.
Іс құжаттарында айтылғандай, колледждің студенттерінің бірі басқа студентті (айыпталушы) намазға жығылуға итермелеген. Ол өзінің ұялы телефонындағы діни бейнежазбаларды көрсетіп, оны намазға, одан кейін жиһадқа қатысуға үгіттеген.
Кәмелетке толмаған азамат 2010 жылдың 23 қарашасында айыпталушыны колледж дәретханасында соққыға жығып, ұялы телефонын тартып алып, өлтірем деп қорқытқан. Екі күн өткеннен кейін ол айыпталушының үйіне келіп, оны аулаға алып шығып, пышақпен қорқыту арқылы бетінен ұрған. Айыпталушы оны өзінен итеріп жібергенде, пышағын ебедейсіз ұстаған жеткіншек өзінің қолын өзі жарақаттап алады.
Осы кезде қарсы шабуылдан қорғану мақсатында, өзін қорғау үшін қалтасына ұстара салып жүрген айыпталушы, оны қалтасынан алып, көзін жұмып, шабуылдаушыға бірнеше рет сілтеген. Ұстараның жүзі дәл тиіп, дене жарақаттарын алған шабуылдаушы оқиға орнында қаза табады.
Бұл жағдайды куәгерлер мен арнайы жүргізілген сараптама қорытындысы да айғақтап берген.
Зардап шеккен тарап аппеляция берді, ол облыстық сотта қаралатын болады. Аппеляциялық наразылықты прокуратура да қолдап отыр.
Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.