Ақтөбеге ҚР Денсаулық сақтау министрі бастаған республикалық ақпараттық-насихат тобы келді
Бүгін облыстық әкімдік ғимаратында облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың төрағалығымен Мемлекет басшысының Жолдауын түсіндіруге арналған облыс активінің кеңесі өтеді, Оған республикалық, облыстық ақпараттық-насихаттық топтарының мүшелері, жергілікті атқарушы органдардың, орталық атқарушы органдардың аумақтық бөлімшелерінің басшылары, республикалық және аймақтық БАҚ өкілдері қатысады.
Облыстық ішкі саясат департаментінің хабарлауынша, топ құрамында сондай-ақ Индустрия және сауда министрлігінің индустриялық-инновациялық даму және салааралық үйлестіру департаментінің директоры Ренат Айтаев, Білім және ғылым министрлігі заң департаменті директорының орынбасары Жанат Асантаев, Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының орынбасары - Қауіпсіздік кеңесі хатшылығының меңгерушісі Қозы-Көрпеш Жаңбыршин бар. Өңірге сондай-ақ Көлік және коммуникация вице-министрі Еркін Дүйсембаев, Денсаулық сақтау министрлігінің ғылым және адам ресурстары департаментінің директоры Айгүл Қаптағаева, ҚР Экономикалық қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров, ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық агенттігінің төрағасы Серік Нөкин, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің салық саясаты және болжамдар департаментінің директоры Толқын Баймұқанова келді.