Ақтөбелік кәсіпкерлер тобы АҚШ-та ЮСАИД бағдарламасы бойынша тағлымдамадан өтті

АҚТӨБЕ. Сәуірдің 6-сы. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - «Шағын бизнесті дамытуда муниципальдық өкімет орындарын қолдау» атты ЮСАИД бағдарламасы ауқымында Ақтөбе кәсіпорындарының бір топ басшылары АҚШ-та тағлымдамадан өтті. Сапар қорытындылары туралы олар бүгін «Дастан» бизнес-орталығында өткен баспасөз мәслихатында айтып берді.
None
None

Қалалық кәсіпкерлік бөлімінің бастығы Анар Дәржанованың айтуынша, тағлымдамадан өткен кәсіпорындардың арасында Шағын несиелеу қоғамдық қоры, «Диалог» консалтинг агенттігі, Ақтөбе облысының кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағы, «Сутехника» ЖШС, Ақтөбе облысының сауда-өнеркәсіптік палатасы, қалалық және облыстық кәсіпкерлер бөлімі мен басқармасының өкілдері болды.

Үш аптаның ішінде олар шағын бизнесті қолдау орталықтарында, бизнес-инкубаторларда, көрме орталықтарында, консалтингтік компанияларда, мэрияның шағын бизнесті қолдау құрылымдары мен банктерде болды, Оклахома штатының әртүрлі қалаларындағы аталған құрылымдардың тиімді жұмыстары тәжірибесін зерделеді. Сапар қорытындысы бойынша тағлымдамаға қатысушылар жұмысын жаңадан бастаған және қызмет атқарып жатқан кәсіпкерлер үшін қолжетімді қызметтер көрсету жөнінде ұсыныстарын әзірледі, ЮСАИД бағдарламасы түлектерінің қарарына қол қойды.

«Американдық тарап та біздің жобаларымызды ілгері жылжытуға мүдделі, ақтөбелік кәсіпкерлер үшін ресурс орталығын құруда бірлескен ынтымақтастық перспективалары бар», дейді Анар Дәржанова.

Енді ақтөбелік кәсіпкерлер «Орталық Азияда басқарушы кадрларды даярлау» бағдарламасы бойынша Германияда тағлымдамада болып қайтпақ.

Соңғы жаңалықтар