Ақтөбелік шаруалар жеңілдетілген несиенің көмегімен кәсібін кеңейтуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысы Алға ауданына қарасты Маржанбұлақ ауылының тұрғыны Руслан Сүйіншәлин несие арқылы 50 сауын сиыр алып, сүт, қаймақ пен ірімшік шығаруды жоспарлап отыр.
None
None

Асыл тұқымды симменталь сиырлары тәулігіне 25 литрге дейін сүт береді. Ірі қараны шаруа Башқұрстаннан сатып әкелген. Қазір мал алғашқы төлін де берді. Енді 25 жас төлді күтіп, баптап оларды жетілдіру мақсаты тұр.

«Маған кадр жетіспейді. Менің шаруашылығымның маңында 80 шақты үй бар. Тұрғындар мал бағуға құлықты емес. Біз адамдар іздеп тауып, олардың жағдайларын жасауға тырысып отырмыз. Елбасы бүгінде отбасылық бизнесті дамытыңдар деп жақсы бастамаларды іске асыртып отыр. Мен оны қуана құптаймын. Ертең менің балаларым мен немерелерім де ісімді жалғастырса деп ойлаймын»,- дейді шаруа қожалығының басшысы Руслан Сүйіншәлин.

Маржанбұлақ ауылындағы шағын ферма бір жыл ішінде салынған. Русланға әкімдік жер мен шабындық аумақ та берді. Үкіметтен жеңілдетілген 7 пайызбен несие алып, мал өсіруге бел шеше кірісті. Нәтижесі де тәуір. Оның ұсынысын алғаш болып жергілікті кәсіпкерлер палатасы қолдапты.

Ақтөбе облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім бастығы Ержан Нұрғалиевтің айтуынша, шаруа биыл ауылшаруашылығын қолдау қорынан 52 млн. теңге несие алды.

«Оның бизнес жобасын іске асыруға біз нақты қолдау жасадық. Біз қазір істің текке кетпегенін, нәтижесін көріп қуанып тұрмыз», - дейді ол.

Жаңадан іс бастаған шаруа енді қала тұрғындарына сүт қана емес, қаймақ, құрт, ірімшік те ұсынбақ. Оның айтуынша, табиғи әрі еш қоспасы жоқ таза өнімдер қашанда сұранысқа ие. Шаруа бір орында тұрып қалмай, алдағы уақытта құс өсіретін үлкен шаруашылық ашпақ ойы бар. Қазір ол 100-ден астам қаз бен асылтұқымды күркетауық та өсіріп отыр, деп жазады 24.kz.

Соңғы жаңалықтар