17:50, 13 Қараша 2012 | GMT +5
Ақтөбелік жол полициясының инспекторлары 12 литр қан тапсырды
АҚТӨБЕ. 13 қараша. ҚазАқпарат - Ақтөбеде жол полициясының инспекторлары қан тапсыру бойынша акция өткізіп, сол арқылы жол қозғалысы ережелерін сақтау, жол апатында зардап шеккендерге көмек көрсету қажеттілігіне жұртшылықтың, соның ішінде жүргізушілердің назарын аудартқысы келді.
ІІД-нің баспасөз қызметінен хабарлағандай, қан құю орталығында жол полициясы басқармасының 30 инспекторы донор атанды. Олар жалпы алғанда 12 литр қан тапсырды.
Бұл полицейлердің 11-18 қараша аралығында Жол қозғалыс қауіпсіздігі апталығы аясында өткізіп отырған алдын алу шараларының бірі.
Жол полициясы басқармасынан хабарлағандай, жыл басынан бері облыс аумағында барлығы 444 жол-көлік оқиғасы тіркелді, онда 103 адам қаза тауып, 531 адам түрлі жарақаттар алды.