13:51, 28 Мамыр 2009 | GMT +5
Ақтөбеліктер қаланың 140 жылдығын атап өтуде
АҚТӨБЕ. Мамырдың 28-і. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Осыдан тура 140 жыл бұрын 1869 жылғы мамырдың 28-інде Ілек өзенінің жағасындағы тас көп төселген мұсылман бейітінің жанындағы қос төбенің басына «Ақ Төбе» деп аталған әскери бекініс салынды.
Кейіннен бұл орын әскери-байқау бекетіне айналды, соңынан 1891 жылы ояздық Ақтөбе қаласы мәртебесіне ие болды. Бүгін шаһар тұрғындары төбе басына орналасқан өздерінің сүйікті қаласының құрылған күнін атап өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Бүгін ертемен Әбілхайыр ханның, Әйтеке бидің ескерткіштеріне, Әлия Молдағұлованың мемориалдық кешеніне, Даңқ ескерткіші және басқа да қала орталығындағы тарихи орындарға гүл шоқтары қойылды, осы жерді қорғаған, осы өлкені түлеткен жалпы Қазақстанның дамуына өшпестей із қалдырып кеткен бабалар рухы еске түсірілді.Қала күні дүние есігін ашқан, ең жас ақтөбеліктерді қала әкімі Архимед Мұхамбетов перинаталдық орталықта құттықтады. Бүгін сағат 10-ға дейін 10 перзент, 6 ? қыз, 4 ? ұл бала туылыпты. Құшағы қуанышқа толы аналардың бірі Салтанат Жұмашева. Ол өзінің тұңғышын 2:30- да босанды. Салтанаттың толғағына оның күйеуі Руслан да қатысты. Ата-аналар тұңғыштарына Данияр деген ат таңдапты.Жаңа босанған аналарға бөбектерінің қаланың тура 140 жылдығы күні дүниеге келгендігі жөнінде арнайы сертификат, сондай-ақ гүл шоқтары, бағалы сыйлықтар және әрқайсына 20 мың теңге көлемінде сыйақы берілді. Дәл осындай құттықтаулар мен сыйлықтар бүгін мамырдың 28-і түнгі 24.00-ге дейін босанған аналардың бәріне де беріледі. Қалалық денсаулық сақтау бөлімінің бастығы Мереке Нұртазиннің айтуынша қалада орта есеппен тәулігіне 35 бала өмірге келеді. Жалпы Ақтөбеде балалардың дүниеге келу көрсеткіші жыл сайын 1,5-2 есеге артып келеді.Бүгін кешке қалалықтарды мерекелік шаралар мен гала концерт күтеді. Қаланың негізгі тойы тамыз айына шегеріліп отыр, өйткені осы мерзімде көптеген өндірістік және әлеуметтік нысандар пайдалануға беріледі, бірқатар жобалар жүзеге асырылады.