Ақтөбенің сәулет бөлімінде кәсіпкерлердің құқықтары бұзылған - прокуратура

Қала прокурорының аға көмекшісі Есеней Сүйсенов мәлімдегендей, тексерулер нәтижесінде қаланың Сәулет және қала құрылысы бөлімінде кәсіпкерлер құқығын қорғау туралы заңнаманың бұзылғаны анықталды. Құқық бұзу оқиғалары кәсіпкерлер өтініші мерзімін қарастырумен байланысты болды. Осылайша, жер телімін құрылысқа қолдану туралы «АЗМ» ЖШС-нен түскен өтінішке 8 айдан кейін ғана жауап берілген, ал заң жүзінде мұндай өтініштерді қарастыру мерзімі 10 күнді құрайды. Өтінімдерді ұзақ қарау қала құрылысы кеңесінде де анықталған.
«Қала құрылысы кеңесі белгісіз себеппен «KEGOC» АҚ ғимаратының алдына құрылыс-монтаждау жұмысын және қайта қалпына келтіруге рұқсат бермеген. Кәсіпорын мәселені шешу үшін үш мәрте өтініш жолдаған, ал ақпан айында өтініштің қабыл алмауының себебін түсіндіруді өтініп сұрау салған. Нәтижесінде тек 28 сәуірде «KEGOC» қызметкерлеріне ғимараттың алдын жөндеуге рұқсат берілген», - дейді Е.Сүйсенов.
Сонымен қатар, прокурор көмекшісінің сөзіне қарағанда, сәулет бөлімі рұқсат беру кезінде заң жүзінде 2-ақ құжат қажет болғанымен, кәсіпкерлерден заңнамамен қарастырылмаған бірнеше құжатқа сұрау салған. Тексеруден кейін аталған құқық бұзушылықтар түзетілді.
«Кәсіпкерлер үшін жасанды жолмен жасалған тосқауыл сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызады, соған байланысты біз аталған жұмыс учаскесіне жауапты сәулет бөлімі бас маманына қатысты істі тәртіптік кеңес отырысына шығардық. Бөлім бастығына қатысты мәселені жеке қарастырамыз», - деді ол.
Кеңес мүшелері «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңның 12-бабын бұзған бұл маманды қызметінен төмендетуге дауыс берді.