Аквила қаласы «Сан Джузеппе дей Миними» шіркеуін қайта қалпына келтіруге қолғабыс еткен Қазақстанға алғысын білдіруде
Шараға Қазақстан Республикасының Италиядағы Елшілігінің өкілдері қатысты. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
«Төрт жыл бұрын Аквилада сұрапыл апат жалпы алғанда 300-ден астам адамның өмірін алып кетті, ғажайып ортағасырлық қала және оның аймақтары қираған үйіндінің астында қалды. Зұлмат апат қаланың архитектуралық және мәдени-тарихи мұрасын үлкен шығынға ұшыратты. Апаттан кейін көп кешікпей Қазақстан Үкіметі жер сілкінісі салдарынан қатты зиян шеккен «Сан Биаджо ад Аминтернум» тарихи ескерткішін қалпына келтіруге гуманитарлық көмек көрсету шешімін қабылдаған болатын. Бұл кешен Аквиладағы «борокко» үлгісіндегі ең маңызды архитектуралық ғимарат болып табылады. Ол сондай-ақ мәдени-білім беру және жастар орталығы болып қызмет етті», - делінген баспасөз баянында.
Қазақстан үшін қаланың қоғамдық өмірінде маңызды рөл атқарған ескерткішті қалпына келтіруге көмек көрсету өте маңызды болды. 2009 жылғы қарашада Қазақстан мен Италия осы нысанды жаңғырту-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін ресми гуманитарлық көмек көрсету туралы Үкіметаралық келісімге қол қойды.
Италияндық тарап Қазақстан Үкіметінің бұл шешімін ризалықпен қабылдап, бұл туралы Италия басшылығы бірнеше рет мәлімдеді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің атына Италия Министрлер кеңесінің Президиумынан және Аквила Джованни Д'Эрколе епископынан алғыс хат жіберілді. Қазақстан Елшілігіне Аквиладағы және Италияның басқа жерлеріндегі қоғам қайраткерлері мен қарапайым азаматтардан алғыс хаттар әлі күнге дейін толассыз келуде.
«Сан Джузеппе дей Миними» шіркеуінің салтанатты ашылуы барысында қала әкімшілігінің басшылығы, Аквила қаласының экономикалық және мәдени-іскерлік элитасы мен қарапайым тұрғындары қамқорлық білдіргені және көрсетілген көмектері үшін Қазақстан халқына шынайы алғыстарын білдірді.