Ақыл-кеңестерді, қыз балаға қажетті тәлім-тәрбиені анамнан естіп өстім - Мәжілісінің депутаты Майра Айсина

АСТАНА. 7 наурыз. ҚазАқпарат - 8 Наурыз - халықаралық әйелдер күні мерекесін әрбір отбасы үлкен қуанышпен қарсы алады. Ананың қоғамдағы алатын рөлі зор. Адам баласы үшін осынау жарқын мерекенің орны ерекше.  Көктемнің алғашқы айының басында келуі, жақсылықтың нышаны болса керек.
None
None

Осы орайда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі Майра Айсина өз анасы туралы және әйелдерге мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлық жөнінде ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берді.

- Майра Арапқызы, әр адам үшін ананың орны ерекше. Анаға бас имейтін жан жоқ. Ана туралы ойларыңызды ортаға салсаңыз?

- Өмірде адамның өсіп-жетілуінде, тәлім-тәрбие алуында көп мәселе отбасына, соның ішінде анаға байланысты. Маған шешем: «Әкең даладан тауып әкелген несібесін біз үйде береке қыламыз» деп  айтушы еді. Шынында да үйдің сәні де, әні де, мәні де әйелі деп ойлаймын. Кішкентайымнан аңғарғаным, анам бір жаққа жұмыстарымен шығып кетсе, біз соңынан барамыз немесе бәріміз далаға шығып кетеміз, үйде отыра алмаймыз. Шешеміз үйге келгенде, бәріміз жан-жақтан жинала қаламыз. Анам үйде болмаса, көңілсіз сияқты сезілетін. Әкеміз түсте жұмыстан келеді, есікті ашады да «Шешең қайда?» дейді. Бір жаққа шығып кеткенін айтсақ, есікті жабады да, жұмысына қайта кетеді. Әкемнің осы қасиетін жақсы білетін шешем, ол аш жүрмесін деп, жұмыстан келетін уақытында терезеден қарап тұрады. Әкем үйге қарай беттегенде, дастарқаны жайылып, тағамдар дайын тұруы керек.

Әкем соғыс ардагері болған. Майданнан оралғаннан кейін ауылда бригадир болып жұмыс істеді. Әкем кезінде қоғам және мемлекет қайраткері Бәйкен Әшімов және Баян Жанғалов деген танымал азаматтармен бірге жұмыс істеді. Сол кезде Б.Жанғалов Зеренді ауданында бірінші хатшы болып жұмыс істесе, Б.Әшімов аудандық атқару комитетінің төрағасы болды. Осы тұлғалар біздің шаңырақта жиі болып, дастарқаннан дәм татқан. Кейін әкем маған «Осы азаматтарды үлгі тұт, жақсы қасиеттерін үйрен» деп айтып отырушы еді. Олардың өз еңбегімен республика деңгейінде жоғары лауазымды қызметтерге жеткенін мақтан тұтатын.

- Өз анаңыз туралы толығырақ тоқтала кетсеңіз?

Анамның есімі - Орынбасар. Бірақ жерлестері кейін оны Қазине деп атап кеткен. Ол әкемнің берік «тылы» болды. Әкеміз қызметте жүрді. Үйдің барлық шаруасын шешеміз атқарды. Үш баласын бағып, әкемнің қас-қабағына қарап, соның жұмысына кедергі болмайын деп, үйдің барлық шаруасын тындыра білді. Ақыл-кеңестерді, қыз балаға қажетті тәлім-тәрбиені анамнан естіп өстім. Әкем маған кітап оқып береді. Шешем көбіне алаша тоқу, киіз басу және басқа ұлттық бұйымдарды жасауды үйретті. Әлі күнге дейін ұмытқан жоқпын. Шешемнің қолы шебер еді. Ауыл-аймақтың ер азаматтарына бас киім тігіп беретін. Егер бір бөріктің жақсы үлгісін көрсетсе, содан аудармай әп-әдемі етіп жасайтын. Сонымен қатар шешем жақсы ән салушы еді. Мен кішкентайымнан қазақтың халық әндерін анаммен бірге айтып, жаттап өстім. Өткен жолы бір мерекелік жиында ән айтып отырғанымызда, бір әріптесім: «Сен осы әндерді қайдан білесің?» деп сұрап жатыр. Бала кезімде кешке қарай пештің жанында отырып, бірге ән салатын едік. Шешем шәлі тоқиды, маған шұлық тоқытып қояды. Бізде қой да, ешкі де болды. Түбітті де, жүнді де пайдаланамыз. Жүн түтуді, жіп иіруді шешемнен үйреніп алғанмын.

- Ұршық иіре аласыз  ба?

- Ия, қол ұршығын иіре аламын, одан кейін аулымыздағы немістерден аяқпен басып жіп иіретін ұршық алдық. Ол әлі күнге дейін ауылдағы үйімізде тұр. Туған жеріме барғанда шешемнің көзіндей көрінеді. Шешем сиыр, бие сауатын-ды, оны да үйреніп алдым. Мен шешемді аяушы едім. Өйткені әйел адамға үйдің шаруасы өте көп. Әріптестері бір жерде жиналса, соған барайын десе, үйден шыға алмайды. Мен «шешем көңілін көтерсін, барып қайтсын» деп әкемнің не ағамның көмегімен биені өзім сауатын едім. Олар құлынды ұстап тұратын еді.

- Отбасындағы тәрбиенің ерекшелігі туралы не айтар едіңіз?

- Мен әке-шешемнің сабырлығы мен ақылдылығына таң қаламын. Балаларына қатты жекіп, ұрыспаушы еді. Бәрін ақылмен жеткізеді.   «Сен сондайсың, сен мынаны істеген жоқсың» деп тіке айтпайды. Ескерткісі келген жайтты әңгіме түрінде жеткізеді. Біз содан әңгіме не туралы болып жатқанын бірден ұғатын едік. «Сондай ақылды тәрбиені біздер балаларымызға көрсете алып жүрміз бе?» деп қазір ойлаймын. Кейде уақыт болмайды, қоғамдық жұмыстармен жүргенде балалармен отырып, әңгімелесуге не ойларыңды айтуға мүмкіндік болмай жатады.  Жүз пайыз өнерімізді, тәлім-тәрбиемізді болашақ немерелеріміздің бойына сіңіруге тырысамыз. 

Әке-шешем кейде бір ортақ шешімге келетін мәселе туындаса, менімен ақылдасушы еді. Мен үш баланың кішісімін. Неге екенін білмедім. Қазір сол кезде әке-шешем бір жағынан тәрбиелеп, екінші жағынан сынап жүрді деп ойлаймын. Орманнан отынға кесетін ағаш әкелетінбіз. Араның екінші жағын мен ұстаймын. Әкем тіпті мені шалғымен шөп шабуға да үйретті. Бүгінгі таңда жұмыс барысында бір істі қолға алғанымда әке-шешемді есіме аламын.

- Сіз бүгін Парламент Мәжілісінің депутатысыз, әке-шешеңіздің арманы орындалды деуге болады. Әрі Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесісіз. Аналардың жағдайы сізге жақсы таныс. Әйелдің, ананың жағдайын жақсарту үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

- Бәрі бірден бола қоймайды ғой. Елбасының соңғы жылдардағы халыққа арнаған Жолдауларына назар салсаңыз, бірінші кезекте әлеуметтік жағдайды жақсартуға баса назар аударылған. Соңғы үш-төрт жыл бойы зейнетақы, жәрдемақы, шәкіртақы, бюджеттік мекеме қызметкерлерінің еңбекақысы бірнеше есе өсті. Бұл, тұтастай алғанда, халықтың жағдайын анағұрлым арттыра түсті. Кеңес Одағының соңғы 15-20 жылында аналарға жақсы қамқорлық жасалып еді ғой. Бала тапқан ана үш жылға дейін отыруға мүмкіндік жасалды. 1990 жылдардың басында ондай жеңілдіктердің бәрі жойылып кетіп еді. Ал қазір аналар баласы бір жасқа толғанша үйде отыра алады. Тәуелсіздік алғаннан бергі 20 жыл ішінде ауқымды істер атқарылды. Бәрі бірдей төбеден түсе қалатын байлық емес. Елдің экономикалық деңгейінің көтерілуі халықтың жағдайы жақсаруына алып келеді. Қазір еліміз аналарға қамқорлық жасап жатыр деп айтуға толық негіз бар.

Тұрақты экономикалық өсім сақтала берсе, шынымен де, аналарға, балаларға қаражат көбірек бөлінеді деген ойдамын. Мен депутат емес, осы елдің бір перзенті ретінде айтып отырмын. Қазақстанның қай азаматы да ана мен баланы қорғау мен қолдауға көбірек қаржы бөлінуіне ынталы екені сөзсіз. Қазір баспасөзде, ел ішінде Ресейдің ана капиталын қалыптастыру тәжірибесі жиі айтылып жүр. Оны да ойластырып қарастыру қажет. Барлық кіріс пен шығыстарды санап, оның дұрыс нәтижесі болып жатса, біз де сондай тәжірибеге бейімделуіміз керек. Бұл жан-жақты ойланатын мәселе.

Жәрдемақылардың көлемін бірден-бірге көбейту тәсілін пайдаланып келе жатырмыз. Бір бала тапқанда, екі, үш және төрт бала туғанда әр түрлі деңгейде белгілену үстінде. Бұл да жақсы нәтиже. Мөлшері аз болса да, барға қанағат еткен жөн деп ойлаймын.

- Өзге елдердің тәжірибесі қандай екен?

- Бірінші кезекте кішкентай бала мен ананың қамын ойлауымыз керек. Ғылым бойынша жасалған зерттеулерге сүйенсек, балаларға кішкентай кезінен білім алуына, дұрыс тәрбие беруіне айрықша назар аударылса, адам ресурсы әлденеше есеге артатыны дәлелденген. Бүгінгі салған қаражат ертеңгі күні халыққа да, мемлекетке де мың есе болып қайтады.

Үш жасқа дейін, одан әрі алты жасқа дейін берілген тәрбиенің рөлі зор. Жасалған қамқорлықтың пайдасы мол. Мәселен, Скандинавия елдерінде балалардың тәрбиесіне көп мән береді. Әрине, біздің елді олардың жағдайымен салыстыра алмаймыз. Бірақ бала тәрбиесінде әлемдік озық тәжірибелерді қабылдағанымыз жөн. Мәселен, қазір ішімдікке салынып кеткен адамдарды емдеу үшін, сондай-ақ қылмыс жасап, түрмеде отырған адамдарды ұстау үшін мемлекет қаншама ақша бөліп жатыр?! Осындай келеңсіздіктердің алдын-алу үшін бала тәрбиесіне ерекше мән беруіміз керек. Яғни, бала тәрбиесін көбірек қаржыландырған жөн. Өскелең ұрпаққа дұрыс тәрбие, жетік білім бере білсек, біздің қоғамда бұзақылық әрекеттер де, түрмеге түсушілер де көп болмас еді.

Баланың балабақша мен мектепте тәрбиеленуімен шектелуге болмайды. Оның дұрыс азамат болып қалыптасуына ата-анасы бірінші кезекте жауапты. Сондықтан ата-анаға да қамқорлық жасалуы қажет. Баланың кішкентай кезінде анасы үйде отырып, үш жасына дейін ештеңеге алаңдамай сәбиін тәрбиелесе, ұрпақтың жақсы жетілуіне даңғыл жол салып береді.

- Майра Арапқызы, кейде телеарналардан 7-8 бала тапқан аналардың үлкен қалаларда пәтерсіз әр жерде күн көріп жатқанын көрсетіп қалады. Бұл кім-кімді болса да, толғандырмай қоймайды. Көп балаң бар екен деп оған кезексіз үй бере салуға және заң жоқ. Осы жағын қалай шешуге болады?

- Иә. Бұл теледидардан көріп отырған әр адамның жанына бататын мәселе. Қазақ «көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама» дейді. Әр адам өзіне лайықты тұрмыс кешеді. Әр азамат отбасын құрарда тұратын жерін, жұмыс істейтін орнын анықтап алуы тиіс. Қандай қадам жасаса да, ойланып істеуі керек. Әр отбасы көп балалы болуды қалайды. Бірақ нарық заманының қиындығын ескере отырып, екеу-үшеу не төртеу болсын, өмірге әкелген балаларын қатарынан қалдырмай асырауды ойлайды. Әр шаңырақ көп жағдайда қанша балалы болғысы келетінін ақылдасып шешеді. «Менің баспанам бар ма, жоқ па? Ертең балаларым шырылдап далада қалмай ма?» дегендей ойлар әр ата-ананы толғандырады. Әр азаматтың жауапкершілігі осы тұста байқалуы тиіс.

Өткен жолы «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауында отырғанымда бір азамат келді. «Мен Астанаға үш баламен келіп едім. Осында екі бала дүниеге келді. «Саяжайда» тұрып жатырмын. Бір машинам бар еді. Сонымен отбасын асырап жүр едім. Ол сынып қалды. Енді балаларымды қалай асыраймын?!» деп міндетсінгендей дауыс көтере сөйледі. Өзінің қайдан келгенін сұрап едім. Оңтүстік өңірден көшіп келіпті. «Ол жақта қайда тұрдыңыз?»- деп едім. Қалада үйі болғанын айтты. Соны сатып, Астанаға көшіп келген екен. «Балалардың қамын ойлап келдім»,- дейді. Міне, көріңізші. Не айтуға болады?

Мен оны кінәламаймын. Дегенмен балаларын ойласа, бірінші олардың жағдайын жасауы керек еді. Сол жерде балаларын тәрбиелеп, жақын жердегі мектебіне апарып, жетілдіруіне болатын еді ғой. Әйтпесе, «Біздің балаларымыз көп, бізді өкімет асырасын!» деген ұстаным мүлдем дұрыс емес. Осы жағынан сана-сезімімізді өзгертуіміз керек деп ойлаймын. Өйткені біз қазір нарық заманында өмір сүріп жатырмыз. «Астананың төңірегінде жұмыс бар. Балаларымыз өсіп келе жатыр» деп бәрі де мұнда келгісі келеді. Бірақ он алты миллион халықты Алматы мен Астанаға жинап алып, отырмаймыз ғой. Әр адам туған жерінде де жұмыс жасауы керек. Сол үшін Елбасының Жолдауында жергілікті жерде жұмыспен қамту мәселесін ұйымдастыру бірінші кезекке қойылды.

Өзінің және балаларының болашағын ойлаған азаматтар тырмысып, еңбек етіп, отбасының несібесін арттыруда.

Қазір өкіметке қарап отыруға болмайды. Ел ішінде тұрса да, өздері үй салып алып жатқан азаматтар қаншама?! Тіпті Кеңес Одағы кезінде үйді әкеміздің өзі салған. Әкем салған үй әлі тұр.

Қалалардың барлығында да жылдар бойы кезекте тұрған адамдардың көп екенін ұмытпауымыз керек. Оның ішінде мүгедек жандар, соғыс және еңбек ардагерлері және басқа әлеуметтік қолдауды қажет ететін адамдар өте көп.

Әлеуметтік көмекті де бәріне бірдей бере алмаймыз. Оның да екінші жағы бар. Кейбір адамдардың қол-аяғы сау бола тұрып, жұмыс істегісі келмейді. Біздің қоғам алға жылжуы үшін азаматтарымыздың еңбек өнімділігі арта түсуі керек! Ал қоғамда жұмыс істейтіндер азайып, масыл адамдар көбейе түссе, ісіміз оңға баспайды.

Ал мүгедектер, соғыс ардагерлері, денсаулығы мүлдем нашар адамдар мемлекет тарапынан әрқашан қорғалады. Олардың жәрдемақыларын көбейту, жағдайларын жақсарту мәселелері әрқашан күн тәртібінде болуы қажет.

- Рахмет әңгімеңізге!

  

Соңғы жаңалықтар