Ақылы негізде оқып, әскери билет алды - БҚО

Филиал директоры Құспан Мұқатаевтың айтуынша, биылдан бастап Қорғаныс министрлігі азаматтарды ақылы негізде әскери-үйретілген резервке әзірлеуді қолға алған болатын. Яғни денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамды немесе шектеумен жарамды, соған орай армияға шақыру кейінге қалдыру берілген азаматтар осы жерден әскери қызметтің қыр-сырын үйрене алады. Өтеулі негіздегі әскери оқытылған резервті даярлау бағдарламасын жиырма екі жастан бастап жиырма жеті жасқа дейінгі жігіттер меңгере алады. Бұл «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңға сәйкес биылғы ақпан айында қабылданған Үкіметтің «Азаматтарды әскери қызметке даярлау, ұйымдастыру және жүргізу, сондай-ақ бастапқы әскери даярлықтың оқу-жаттығу материалдық базасын жасау қағидаларын бекіту туралы» қаулысы негізінде жүзеге асырылуда.
Дайындық «Әскери-техникалық мектеп» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны филиалдарының базасында өткізіледі. Аталған дайындық түрі дәстүрлі мерзімді қызметке өзіндік балама болмақ. Азаматтарды оқуға іріктеуді жергілікті әскери басқару органдары жүзеге асырады. Оқыту жылына екі кезең бойынша, яғни наурыз-маусым, қыркүйек-желтоқсан айларына белгіленді. Биыл аталмыш бағдарлама аясында елімізде 3 мың азаматты оқыту жоспарланып отыр. Оның 240-ын батысқазақстандықтар құрамақ. Бүгінгі таңда 60 батысқазақстандық тиісті сертификатын алды.
Бір ай оқыған мерзім ішінде азаматтар теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде ұштастырады. Соған орай олар Орал қаласының шетіндегі «Сұңқар» әскери полигонында жаттығудан өтеді, әскери-техникалық мектептегі қару-жарақ, әскери техникалармен және әскери қызметшілердің күнделікті тыныс-тіршілігімен барынша танысады. Оқу қорытындысы бойынша емтихан тапсырғаннан кейін оқушыға санат беріледі, ант қабылданады. Ақылы негізде әскери-үйретілген резервті тәмамдағаны жөніндегі сертификаты бойынша әскери билет алып, әскери міндеттілер ретінде есепке қойылады. Бұл оқуда азаматтардың төлем қабілетіне де үлкен мән беріледі. Яғни осы жердегі оқыту-үйрету бағдарламасы бойынша тәлім алу 210 мың теңге болып белгіленген. Бұл қаржы олардың толық әскери киім жиынтығын алуына, тамақтануларын ұйымдастыруға жұмсалады. Оқу аяқталған соң далалық киім-кешек пен басқа да бұйымдар мен мүліктер түлектердің меншігіне беріледі.