18:12, 28 Мамыр 2009 | GMT +5
«Ақжайық» сырт алаңда тағы да тең ойнады
ОРАЛ. Мамырдың 28-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Мамырдың 27-сінде футболдан Қазақстан чемпионаты бірінші лигасы командалары кезекті турдың ойындарын өткізді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оралдың «Ақжайығы» Ақтауда «Каспиймен» сынға түсіп, 1:1 есебімен тең ойнады. Алаң иелері бірінші болып есеп ашқанымен, ойынның 90-минутында оралдық Айбек Ғұбайдуллин мергендік танытты. «Ақжайықтың» бұл ойында жеңетіндей мүмкіндігі де болды. Өкінішке қарай, ойынның 56-минутында команданың ең тәжірибелі ойыншысы Артур Авакянц 11 метрлік айып добын қақпаға дәл түсіре алмады.
«Ақжайық» қазір 14 ұпаймен Алматының «Қайратынан» кейінгі екінші орында келеді. Келесі ойындарын оралдықтар өз алаңында топ басындағы командалармен өткізеді. Маусымның 4-інде «Ақжайық» «Іле-Сәулетті» қабылдаса, маусымның 7-сінде «Қайрат» Оралға қонаққа келеді.