Ақжайықта ақын Ж.Молдағалиевтің ескерткіші ашылды
Салтанатты Ақжайық ауданының әкімі Абай Иманғалиев ашып, ақын Жұбанның нар тұлғасы мен қадір-қасиеті жерлестері үшін әрқашанда биіктей беретіндігін атап өтті. Ақын тұлғасы ақ матамен жабылған. Осы жамылғыны ашу құрметі Ақжайық ауданының құрметті азаматтары, соғыс және еңбек ардагерлері Бисен Жұмағалиев пен Хасен Жақауұлы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы БҚО бөлімшесінің төрайымы Ақұштап Бақтыгерееваға ұсынылды.
Айбарлы ақын туған жердің келбетін ашып, рухани өміріне кең тыныс сыйлап тұрғандай. Ақын ескерткіші гүл дестелерімен көмкерілді. Жиында ізгі тілектермен бірге мазмұнды естеліктер айтылды. Жұбан ескерткішінің авторы - мүсінші Р.Шамсутдинов және ескерткіштің тұрғызылуына үлкен көмек көрсеткен «Сатбор», «Ажасстрой», «Мирлан газ» сықылды мекемелердің ұжымына алғыс білдіріліп, ескерткіш сыйлықтар тапсырылды.
Дәл осы күні Чапаевтағы өлкетану мұражайында ақын Ж.Молдағалиевқа арналған экспозициялық бөлме ашылды. Оған да республикаға танымал азаматтар қатысып, фотосуреттер мен құнды құжаттар, ақын ұстап-тұтынған құрал-жабдықтары туралы пікірлесті. София апайдың өз қолынан алынған ақынның жұмыс үстелі, көзілдірігі, жазу құралдары, өзге де баға жетпес жәдігерлер көзге оттай басылды.