Ақжайықта «Елімнің тағдыры - менің тағдырым» форумы өтті
Шараға көршілес Бөкей ордасы, Жаңақала, Қазталов, Жәнібек аудандары әкімдерінің орынбасарлары, ішкі саясат бөлімдерінің бастықтары, ҮЕҰ өкілдері, сондай-ақ мәслихат депутаттары, соғыс және еңбек ардагерлері, ұлттық-мәдени орталықтар жетекшілері, жастар мен мектеп оқушылары қатысты.
Форумға жиналғандар алдымен Жұбан Молдағалиевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды, өлкетану мұражайының бай дүниелерін тамашалап, пікір алысты.
«Мерей» мәдени-демалыс орталығында өткен мәжіліс Мемлекеттік Әнұранның орындалуымен басталды. Сахнадан еліміз тәуелсіздігінің жарқын жетістіктерін баяндайтын бейнефильм көрсетілді.
Аудан әкімі Нариман Төреғалиев қазақ елі тәуелсіздік алғаннан бері Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық білгірлігі мен жасампаздық жолы арқасында дамудың қазақстандық үлгісін қалыптастырып, «Қазақстан - 2050» стратегиясына сай жүзжылдықтың ортасында 30 дамыған елдің қатарына енуді межелеп отырғанын атап өтті.
«Берекені көктен іздеме, бірлігі мықты елден ізде» деген, ауданда бүгінге қол жеткен жетістіктеріміз бір шаңырақ астындағы 21 ұлт өкілінің бірлескен ісі болып табылады. Наурыз мерекесі қарсаңында ортақ қазақстандық құндылықты, «Қазақстан - 2050» стратегиясын насихаттап, жас ұрпақ тәрбиесіне зор үлес қосу мақсатында жұмыс жасайтын «Радуга» славян мәдени орталығы ашылғанын үлкен ұйымдастырушылық деп білемін», - деді әкім.
Аудан басшысы аудандық мәслихат шешімімен «Ақжайық ауданының құрметті азаматы» куәлігін еңбек ардагерлері Елдес Нұржанов пен Әнжан Мәжитовке және мәслихат хатшысы Дәулетжан Жақсыбаевқа табыстады. Сондай-ақ, телерадиокомпанияның директоры Әлия Шәрапиева, телерадиокомпанияның операторы Бауыржан Қожақов, Мойылды негізгі мектебінің мұғалімі Сержан Елешов, оқушысы Нұркен Медет, М.Абдолов атындағы орта мектептің оқушысы Асылбек Саламатов және М.Әуезов атындағы орта мектептің оқушысы Қасымбек Демеуовті еңбектегі жетістіктері үшін алғысхатпен марапатталды.
Форумда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтқан «Бабаларымыз тірі болуы үшін бір болса, біз әрдайым ірі болу үшін бір болуымыз керек» деген сөзін зор леппен айтып, ұйысудың Отанымызды талай қияметтен аман сақтағанын баяндаған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғилаж Лұқпановтың сөзі ерекше әсер етті. Сондай-ақ «Радуга» славян орталығының мүшесі Иван Еремин, Елбасының шынайы қамқорлығы арқасында Қарақалпақстаннан қоныс аударған оқытушы Омар Құлниязов, ҚР шаңғы туризмінің ашық біріншілігінің бас жүлдегері, тау туризмінен Қазақстан кубогінің иегері, ауданның «Батыс - Vest» командасының жетекшісі Марат Досқалиев, жас маман Әсима Қадырбаева, оқушы Қайсар Биғалиев білімнің, ұмтылыстың, тұтастықтың біздің өмірімізге аса қажеттілігін, жалпыға ортақ еңбек қоғамына қол жеткізудің жарқын тағдырымызға оң әсері болатынын тебірене әңгімеледі.
Сахна төріне Ыстамбұл қаласында өткен «Фомгед-4» халықаралық фестивалінің иегері, республикалық телевизиялық «Ел іші - өнер кеніші» байқауының лауреаты үлгілі «Сымбат» бишілер тобы (жетекшісі Шолпан Шүкірғалиева), танымал үздік туризм (жетекшісі М.Досқалиев) командасы, Күріш Тасболатов атындағы республикалық әнші-термешілер бай-қауының лауреаты Данияр Елеуов, халықаралық «Ақ көгершін», «Күншуақ» ән-би фестивалінің бас жүлдегері, үлгілі «Балауса» бишілер тобы (жетекшісі Ақмарал Бекетаева), облыстық «Ақжайық өлкем» ән байқауының жүлдегерлері Аслан Сапарғалиев, Әділжан Елешов, Дәулет Шамелов үлкен қошеметпен шақырылды. Форумның өту барысында республикаға танымал өнер иелері Жаңылсын Хасанова, Асланбек Қуаналиев, Еркін Өтегенов ән шырқап, үлгілі «Балауса» бишілер тобы және басқалар қалың қауымның көңілінен шықты.
Еліміздің ертеңі Елбасы саясатымен, қазақстандық ұғыныстық пен дамудың ақ жолымен тығыз байланысты. Мамыражай мамыр қарсаңында өткен бұл айтулы шара осындай ой тастады.