12:50, 28 Сәуір 2013 | GMT +5
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Дүниежүзілік туристік ұйымның TedQual сертификатын иеленді
АЛМАТЫ. 28 сәуір. ҚазАқпарат - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Рекреациялық география және туризм кафедрасы Қазақстанда ең алғашқы болып Дүниежүзілік туристік ұйымның Халықаралық туристік білім беру сапасы бойынша сертификатын иеленді. Ол Алматыда өткен Орталық Азияда туризм саласындағы ірі халықаралық іс-шара болып табылатын КITF көрмесі кезінде жұртшылық назарына ұсынылды.

Дәстүрлі көрме еліміздегі турагенттік пен туроператорлық компания өкілдерінің шетелдік әріптестермен келіссөздер жүргізіп, қазіргі заманғы туризм нарығында жаңа үрдістерді анықтауға арналған болатын. Еуропа, Таяу Шығыс, Тынық мұхит және Шығыс Азия мемлекеттері қатысты. Онда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Рекреациялық география және туризм кафедрасы өзінің ғылыми салада соңғы жетістіктерімен бөліскен еді. Соңғы жылдары шыққан оқу құралдары, электронды оқу құралдары және буклеттер стенді қойылып, кафедра студенттері "Abacus Central Asia" брондау жүйесінің еріктілері қызметін атқарды.