«Әл-Фараби және Сұлтан Бейбарыс сынды тарихи тұлғаларды кеңінен насихаттау қажет» - сириялық жазушы И.Марва
Өзінің алғашқы іс-сапары аясында И.Марва Еуразия ұлттық университетінде «Суад ас-Саббахтың лирикалық поэзиясындағы субъективизм» атты зерттеу еңбегін таныстырып, бірнеше күн бойы студент-жастарға дәріс оқыды. Араб мәдениетінің үлкен жанашыры, Әл-Фараби және Сұлтан Бейбарыс сияқты тарихи тұлғаларды зерттеп, олардың Қазақстан мен Сирия арасындағы бауырластыққа бастайтын мәдени-рухани тағылымына үңілген ғалым Исмаил Марва өзінің терең ойымен, жан-жақты әрі тың көзқарасымен студент-жастардың көңілінен шықты. Кезекті дәрісінен кейін біз И.Марваны әңгімеге тартып, Қазақстан мен Сирия арасындағы мәдени байланыстары төңірегінде пікір алыстық.
- Құрметті Исмаил мырза, Сіздің шығармашылық жұмысыңыз, оның ішінде Қазақстан мен Сирия арасындағы мәдени-рухани байланыстарды дамыту саласындағы еңбегіңіз жоғары бағаланып келеді. «Еуразия ұлттық университетінің құрметті докторы» ғылыми атағына ие болғаныңыз соның бір айғағы болса керек. Қазақстан жеріне жасаған іс-сапарыңыздан қандай ой түйдіңіз?
- Иншалла. Рахмет. Мен Астанаға Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің басшысы Бақытжан Әбдірайымның шақыруымен алғаш рет келдім. Өткен жылы Б.Әбдірайым бастаған Қазақстанның бір топ ғалымдары Дамаск қаласында болып, бірқатар кездесулер өткізген еді. Сол кезде ол мені арнайы шақырған болатын. Іссапарымның негізгі мақсаты - білім-ғылым саласы бойынша тәжірибе алмасып, студент жастарға дәріс оқу. Мен өзім Орталық Азия елдерінің ішінен Қазақстанды жаныма жақын ел ретінде көремін. Себебі Әл-Фараби есімді ғұламаның жарқын бейнесі, сондай-ақ Қазақстан жерінен шыққан Сұлтан Бейбарыс сияқты көшбасшының сом тұлғасы біздің бауырластық байланыстарымыздың бастауы болып саналады. Осында келіп, қазақстандық жастармен сұхбаттасқаннан кейін менің бұл пікірім күшейе түсті. Еуразия ұлттық университетінің ұжымы мен осы жерде білім алып жүрген жастардың пейілі мен қонақжай ниеті мені бей-жай қалдырмады. Қазақстан менің жүрегімде ойып тұрып орын алды десем артық болмас. Шынымды айтсам, бұл іс-сапар менің өміріме үлкен өзгерістер алып келді. Былайша айтқанда, менің санамда мәдени-рухани төңкеріс болды. Енді, Қазақстан туралы менің бұған дейінгі көзқарасым түбегейлі өзгерді. Қазақтың жеріне, еліне мүлдем басқа, жаңаша көзқараспен қарайтын болдым.
- Кез-келген жазушы-журналист өзге елге жасаған іссапардан кейін естелік жазбаларды жазуға әуес. Сіздің де осындай тәжірибеге жақын адам екеніңізді жақсы білеміз...
- Әрине, Сирияға барғаннан кейін мен Қазақстан туралы, оның ішінде Еуразия ұлттық университеті жайында мақалалар жазып, баспасөз беттерінде жариялайтын боламын. Бұған дейін де менің осы тақырыптағы мақалаларым жарық көрген. Бірақ олар қысқа әрі толымсыз болды деп ойлаймын. Осы жолы мен Қазақстанның жерін, халқын, осы елдің мәдениетін жаңаша қырынан тануға мүмкіндік алдым. Енді қазақ халқы туралы жазатын мақалаларым мүлдем басқаша мазмұнда шығып, Қазақстанмен Орталық Азия елінің жас әрі көшбасшы мемлекеті ретінде танысуға жол ашады деп білемін. Сондай-ақ мен Қазақстанға арнап бөлек бір кітап шығаруды жоспарлап отырмын. Оны араб тілінен аударатын адам табылса, мен бұл кітапты Дамаск қаласынан бастыруға даярмын. Негізі, біздің осы саладағы әріптестік байланыстарымыз дамуы тиіс. Біздің еңбектер қазақ тіліне, ал Сіздердің еңбектеріңіз араб тіліне аударылуы қажет. Мен өзім бұл жұмысты қолға алуға әзірмін.
- Сіздіңше Қазақстан мен Сирия арасындағы байланыстарды дамыту жолында қай салаға басымдық берген жөн?
- Бүгінде екі елдің президенттері бастау болған әріптестік байланыстардың барлық салалары ойдағыдай даму үстінде. Оның ішінде мәдениет бойынша біздің ортақ жұмыстарымыз күн санап артып келеді. Қазіргі кезде әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, барлық мемлекеттердің саяси-экономикалық қарым-қатынастары пирамида іспеттес төменнен жоғары қарай дамып отырады. Ал Қазақстан мен Сирияның байланыстары керісінше, жоғарыдан төменге қарай, яғни тарихи-мәдени тұрғыда тереңдеп кеңеюде. Бұл байланыстардың түп бастауы - Әл-Фараби және Сұлтан Бейбарыс сияқты тарихи тұлғалар. Бүгінгі таңда мәдениет саласы екі ел қарым-қатынастарының негізі болып табылады. Осы бағытқа басымдық берген жөн деп ойлаймын. Мәселен, біз Астанадағы Президенттік мәдениет мұражайы мен кітапханада болдық. Сөз жоқ, онда бәрі бар. Бірақ араб мәдениетінің тапшылығы сезіледі. Сондықтан мен осы кітапханаға араб тіліндегі 10 мың кітапты жеткізуге уәде бердім. Менің бір байқағаным, бүгінде Қазақстанның мәдениеті классикалық үлгіде дамуда. Сіздер, жас мемлекетсіздер, болашақта қазақтың ұлттық мәдениеті баии түседі деп білемін.
- Исмаил мырза, бүгінде шетелде Қазақстанды Біріккен Араб Әмірліктері деңгейіндегі бай әрі ауқатты мемлекет деп есептейді. Ал Араб елдері Қазақстанға қандай көзқараспен қарауда?
- Тағы бір мәрте тарихқа үңілетін болсақ, біз - өркениет дәстүрлері ұқсас халықтармыз. Қазақтың киелі шаңырағы - киіз үй болса, араб мәдениетінде шатырдың орны бөлек. Бүгінде Қазақстанның елордасы - Астананың архитектуралық келбетін алып қарайтын болсақ, «Хан Шатыр» деген алып құрылыстың маңызы зор. Бұл ұлы көшпелілер мәдениеті мен бәдәуилер мәдениетінің өзара тарихи сабақтастастығының жарқын көрінісі болса керек. Қазіргі кезде ұлты араб азаматтар Қазақстан жерінде емін-еркін тұрып, қызмет етуде. Қазақ азаматтары да араб жерінде өздерін бауырлас елде жүргендей сезінеді. Біздің мүддеміз де бір. Осы орайда Сирияның президенті Башар Асад мырзаның төрт теңізді қосу бастамасын ерекше атап өткен жөн. Шығыс елдері және Қазақстанды біріктіруге бағытталған бұл бастаманың негізгі мақсаты - аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, ондағы қауіп-қатерлерге төтеп беру. Бұл ұйым болашақта үлкен саяси күшке айналады деген сенім бар. Сіздердің президенттеріңіз де бұл бастамаға қолдау білдіріп отыр.
- Сіз бір сөзіңізде Сирия жеріндегі Әл-Фараби және Сұлтан Бейбарыс атындағы тарихи ескерткіштерді салу және жаңғырту саласындағы Қазақстанның жұмыстары жоғары бағаланып жатқандығы туралы айтқан едіңіз...
- Иә, Сирия халқы Дамаскідегі Әл-Фараби атындағы тарихи-мәдени орталығын салу және Сұлтан Бейбарыстың мемориалдық кешенін жаңғырту саласындағы Қазақстанның жұмыстарын жоғары бағалауда. Олар бұл жұмыстардың аяқталуын асыға күтуде. Себебі Әл-Фараби мен Сұлтан Бейбарыс Сирия халқының ұлы перзенттері болып саналады. Шыны керек, осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстан мен Сирияның басшылары Дамаск қаласында Әл-Фараби атындағы тарихи-мәдени орталығының негізін қалаған кезде сириялықтар Әл-Фарабидің Қазақстаннан шыққанын бірінші рет естіп таңғалған. Қазақстанның Президенті мен халқы бастаған осы игі шаралар екі жақты достық пен бауырластықтың жалғасы болса керек. Сириялықтар бұған үлкен құрметпен қарауда. Себебі өз жерінен шыққан ғұламаларды ұмытпай, олардың мәңгілік ұйқыда жатқан жерлеріне келіп, зиярат етіп, сол жердегі тарихи ескерткіштерді салу мен жаңғырту жұмыстарына қыруар қаржы бөлу - тек өз еліне адал азаматтардың ғана қолынан келетін іс. Сирия халқы болса, бұл ескерткіштерді мәңгілік сақтайтын болады.
- Сіздің ойыңызша, Қазақстан мен Сирия арасындағы мәдени байланыстарды кеңінен насихаттау үшін не істеу керек?
- Әрине, бүгінгі жұмыстар туралы халықты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жан-жақты хабардар етіп отыру қажет. Осы бағытта бірлескен жобаларды да қолға алған жөн деп санаймын. Мәселен, қазіргі кезде Сирияда Сұлтан Бейбарыс туралы тарихи телехикая түсірілген. Бұл шығарма - бірнеше тілдерге аударылып, халықтың көңілінен шыққан туынды. Сондай-ақ Сұлтан Бейбарыстың ерлік істеріне арналған көптеген кітаптар жарыққа шығуда. Сұлтан Бейбарыс кезінде Сирия жерін қорғап қалған халық батыры болып саналады. Сондықтан бүгінде оның Қазақстанға қатысы бар болса да, көбіне Сирия мен Мысыр елдерінің тарихи тұлғасы ретінде қарастырылады. Меніңше, қазіргі кезде Әл-Фараби атындағы тарихи-мәдени орталық салу және Сұлтан Бейбарыстың мемориалдық кешенін жаңғырту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды кеңінен насихаттау арқылы біздің мәдени байланыстарымызды күшейтуге әбден болады.