Альянсбанктің акционерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды

Бұл туралы бүгін Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай журналистермен болған апталық брифингте мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ресми өкілдің сөзіне қарағанда, аталған азаматтарды қамауға алу туралы сот санкциясы негізінде айыпталушыларға халықаралық іздеу жарияланды. Қамауға алу шараларын жүзеге асыру Ішкі істер министрлігінің Интерпол ұлттық орталық бюросына жүктелді. «Тергеу шараларының нәтижелері бойынша ағайынды Сейсенбаевтар тарапынан құрылған жалған мекемелерге банк тарапынан жер телімдерін кепілдікке ала отырып, 23 миллиард 231 миллон теңге көлемінде несие берілген», деді М.Жұманбай.
Оның айтуынша, осыдан кейін Марғұлан Сейсенбаевтың нұсқауымен әділет органдарына 16 миллиард 919 миллион теңге қарызы бар бола тұра, алынған несие бойынша төленуі тиіс қаржы толық өтелді деген хат жолданған. Ал кепілдікке қойылған жер телімдері сатылып кеткен. «Қазіргі таңда Сейсенбаевтың тағы бір інісі Асқар Ғалинге қатысты іс қаралуда. Оған «Альянсбанктің» 1 миллион АҚШ доллары және 653,5 мың еуро көлеміндегі қаржысын несие түрінде алып, талан-таражға салды деген айып тағылып отыр. Қазір А.Ғалинге қатысты да халықаралық іздеу жарияланды. Тергеу амалдары жалғасуда. Қосымша ақпараттарды біз алдағы уақытта хабарлаймыз», деді ресми өкіл.