Алаш қайраткері Х.Досмұхамедовтің 130 жылдығына орай Батыс Қазақстанда республикалық конференция өтпек
Оның іздері Батыс Алашордасының астанасы болған Жымпиты ауылында сайрап жатыр. Сондықтан осы ауылда биылғы 13 шілдеде Батыс Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасы, Сырым ауданы әкімдігі және Жаһанша Досмұхамедов атындағы «Қайраткер» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Х.Досмұхамедовтің 130 жылдығына, сондай-ақ Батыс Алашорда үкіметінің 95 жылдығы, Қаратөбеде және Жымпитыда өткен Қазақ съездерінің 95 жылдығына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.
Республикалық шараға Астана қаласынан тарих ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Озғанбай, Алматыдан Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбеков, Түркістан қаласынан белгілі алаштанушы, тарих ғылымдарының докторы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Хазіретәлі Тұрсын, Астанадағы «Назарбаев орталығы» ММ «Мемлекеттілік, қауіпсіздік мәселелері және даму» институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, алаштанушы Ерлан Сайлаубай және басқа қонақтар қатыспақ.
«Қайраткер» қоғамдық қорының жетекшісі, алаштанушы-ғалым Дәметкен Сүлейменованың айтуынша, конференцияның барлық шығынын аталмыш қор көтеруде. Конференция материалдары жеке жинақ болып жарық көрмек. Бұл елімізде жүйелі қолға алынғалы отырған «Алаштану» сабақтары үшін таптырмас еңбек болмақ. Сонымен қатар алаштанушы ғалымдар «Тарих толқынындағы халық» бағдарламасын жасақтауға да үлесін қосады.
Конференция кезінде Жымпиты ауылындағы Алаш саябағында шеру өткізу, «Алаш» мұражайына саяхат, сондай-ақ Жаһанша Досмұхамедовтың ізі қалған тарихи орындарды аралап, Батыс Алашорда үкіметінің мүшесі, дәрігер Дәулетшаһ Күсіпқалиев қызмет еткен лазаретте болу жоспарланған.