Алатаудан Арқаға бет алған ұлы көш арқылы жүзеге асырған осынау ұлы істі бейбіт күндегі ерлік деп бағалауға болады - Н.Назарбаев
«Алатаудан Арқаға бет алған ұлы көш тәу етер тәуелсіздігімізді нығайтуда тарихи қадам болды. Тұтас ел болып, жүзеге асырған осынау ұлы істі бейбіт күндегі ерлік деп бағалауға болады. Ұлы көш арқылы біз шын мәніндегі тәуелсіздікке ие болдық. «Бірлік қайда болса - еркіндік сонда, еркіндік қайда болса - елдік сонда» деген бабалар сөзіне біз ісімізбен көз жеткіздік»,-деді Мемлекет басшысы салтанатты жиында.
Осы орайда Президент бас қаламыздың мерейлі мерекесімен барша Қазақстан халқын құттықтай келе, «Біз дүйім дүниеге қазақ елінің жаңа Астанасын паш етіп, беташарын жасаған күн кеше ғана болған сияқты. 1998 жылы Астана Есілдің оң жағасында иін тірескен ескі үйлерден тұратын шаһар болғаны бәріміздің есімізде. Небәрі 15 жылда сәні мен сәулеті келіскен заманауи қалаға айналды»,-деп түйді Н. Назарбаев.