Алаяқтықпен айналысқан халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері сотталды

ОРАЛ. Тамыздың 23-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - БҚО бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті Венера Шоқалақоваға қатысты істі аяғына дейін жеткізді.
None
None

Департаменттің баспасөз қызметінен ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, В.Шоқалақова «Бөрлі ауданы халыққа қызмет көрсету орталығы» (ХҚО) филиалында инспектор қызметін атқара жүріп, заңды тұлғаларды тіркеуге құжаттарды қабылдайтын маман бола тұра, алдау жолымен өзгенің мүлкін талан-таражға салған. 2009 жылғы қыркүйекте Е. деген кәсіпкерлік қызметімен айналысу мақсатында өзінің атына «Святое дело» ЖШС тіркегісі келіп, В.Шоқалақоваға келген.

Бөрлі ауданы әділет басқармасымен ЖШС-ні атауына байланысты тіркеуден бас тартқан. Бұл жөнінде В.Шоқалақова Е-ге хабарлап, сыйақыға оның атына ЖШС-ні тез және кедергісіз тіркеуге «өз көмегін» ұсынған. Сонымен қатар құжаттар Бөрлі ауданы әділет басқармасының бастығы арқылы ресімделетінін, сондықтан оған да «сый көрсету» қажет екенін айтқан. Бұл ұсынысқа Е. келіскен.

Келесі кездескенде В.Шоқалақова құжаттардың дайын екенін хабарлап, сыйақы ретінде әділет басқармасының бастығы үшін автокөлік орындықтарына тыстар алуын, өзіне қан қысымын өлшейтін медициналық аспап алуын сұраған. «Дәндеген қарсақ құлағымен ін қазады» деген, бұдан басқа В.Шоқалақова Е-ден оның танысы Н-ның өзі құрып жатқан ЖШС-ні тіркеу үшін құжаттарды тапсырғанын біліп, сыйақыға ЖШС-ні тез және кедергісіз тіркеуге «жәрдемдесуге» әзір екендігін білдірген. Сонымен қатар құжат Бөрлі ауданы әділет басқармасының бастығы арқылы ресімделетініне сендіріп, оған пара ретінде 100 000 теңге беру керектігін айтқан. ХҚО инспекторының ұсынысына Е. мен Н. келіскен.

Кейіннен В.Шоқалақованың іс-әрекеттері заңсыз екенін түсініп, олар қаржы полициясына арыз берген.

Ақыры 2009 жылғы қазанның 1-інде Бөрлі аудандық ХҚО қызметкері 100 мың теңге сомасында пара алу кезінде ұсталған болатын.

Бөрлі аудандық сотының үкімімен В.Шоқалақова ҚР ҚК 177-бабы 2-бөлімі «б, в» тармақтары (алаяқтық) бойынша кінәлі деп танылып, мүлкін тәркілеумен 3 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды. Алайда сот оның кәмелетке толмаған баласы барын ескере отырып, ҚР ҚК 72-бабы 1-бөлімі тәртібімен үкімнің орындалуын баласы он төрт жасқа толғанға дейін кейінге қалдырды.

Соңғы жаңалықтар