Алдағы 10 жылда коммуналдық желілер мен көппәтерлі тұрғын үйлер жаңғыртылады

Кеше Үкіметтің селекторлық фарматта өткен отырысында аталмыш бағдарламаның жобасын Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин таныстырды, егжей-тегжейлі талқыланғаннна кейін құжат Министрлер кабинеті мүшелерінің бірауыздан қолдауына ие болды.
Бағдарламаны жүзеге асыру барысында 2015 жылға қарай республика бойынша жаңартылған жүйелердің ұзындығы 31 мыңнан астам шақырымды құрайтын болады. С. Нокиннің сөзіне қарағанда, қолға алынған шаралардың нәтижесінде күрделі жөндеу жұмыстарын қажет ететін кондоминиум нысандарының үлесі 32 пайыздан 22 пайызға төмендемек. «Мемлекет халықаралық қаржы институттары мен біздің банктерімізді тарта отырып жеке инвесторларға, кәсіпорындар мен азаматтарға тұрғын үйлер мен коммуналдық нысандарды жөндеу және қайта жаңарту үшін бірлескен арнайы тетіктерін ұсынады», - деді ол.
Агенттік басшысының айтуынша, жаңа бағдарлама тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың өзара байланысты екі элементінен, атап айтқанда жылу, газ және электрмен жабықтауды қамтамасыз ететін жүйелерден және тұрғын үй секторының негізгі бөлігі болып табылатын көп пәтерлі тұрғын үйлерден тұрады.
Жалпы республика аумағындағы коммуналдық инфрақұрылым желілері мен құрылғылардың техникалық жағдайы тым төмен болып отыр. Олардың басым бөлігі жөндеуді не ауыстыруды қажет етеді. Нақты айтар болсақ, қазіргі таңда жылумен жабдықтау саласында күрделі жөндеу жұмыстарын қажет ететін желілер мен құрылғылардың үлесі 63, электрмен жабдықтауда 73 және газбен жабдықтауда 54 пайызды құрайды. Сонымен қатар көппәтерлі тұрғын үйлердің 32 пайызы немесе 50 млн. шаршы метрі күрделі жөндеу жұмыстарының жекелеген түрлерін жүргізуді қажетсінеді. Ал ел аумағындағы 3,8 млн. шаршы метр немесе 2 пайыз көппәтерлі тұрғын үй бұзылуға жататын апатты баспаналар. Демек, қолға алынған бағдарламаның тетіктері нақты жүзеге асар болса, 4-5 жылдың ішінде-ақ бірқатар қауіптен арыларымыз айқын.
Осы бағдарламаның тиімді тұстарына Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев те тоқталып өтті. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылықты жаңғырту 3 бағытта жүзеге асырылатынын айтқан ол: «Бірінші бағытта біз су, жылу, газ, электр энергиясымен қамтамасыз етілетін желілерді жаңартып, керек жерінде қайта салатын боламыз»,-деді. Оның атап өтуінше, аталған бағыт бұған дейін өз тиімділігін көрсеткен «Жол картасы» бағдарламасына ұқсас. Дегенмен, өзгешеліктері де бар. Атап айтқанда, бұл бағдарлама аясында барлық облыстардан, қалалардан тиісті жобалар жиналып, өте маңызды жүйелер қайта жаңғыртылып, жөнделетін болады.
Осы бағытта коммуналдық секторды жаңғырту кезінде жобаларды қаржыландырудың бірқатар ұстанымы айқындалып отыр. «Біріншіден, мемлекет меншігіндегі инженерлік желілерді жаңғырту бюджет қаржысы, сондай-ақ тарифтік реттеуге негізделген кәсіпорындардың инвестициялық бағдарламаларын жүзеге асыру есебінен жүргізіледі», - дейді С.Нокин. Оның атап өтуінше, екіншіден, жекеменшікке өтіп кеткен инженерлік желілерді жаңғырту тариф есебінен жүзеге асырылатын болады. Ал халықтың коммуналдық қызметтерге қол жетімділігін қамтамасыз ету үшін салынатын жаңа инженерлік желілердің құрылысы бюджет қаржысы есебінен жүргізілмек.
Жоғарыда аталған жобаларды қаржыландыру барысында тариф есебінен қалыптасатын кәсіпорындардың шығысы 10 жылда 452 млрд. теңгені құрайды. Бұған қоса республикалық бюджеттен 166 млрд. теңге қосымша қаржы бөлу болжануда. Сонымен қатар жергілікті бюджеттерден де шамамен 18 млрд. теңге көзделеді. Қорыта айтқанда 2011-2020 жылдары аралығында коммуналдық инфрақұрылымдарды жаңғыртуға барлық қаржыландыру көздері арқылы 636 млрд. теңге бағытталады.
Екінші бағыттағы көппәтерлі тұрғын үйлерді жөндеу жұмыстары екі тетік бойынша жүзеге асырылады. Бірінші тәсілде тұрғын үйлерде жөндеу жұмыстары жүргізілетіндігін атап өткен Ө. Шөкеев: «Бұл бойынша біз облыстық әкімдерге Қаржы министрлігі тарапынан несие бөлетін боламыз. Облыс әкімдері қала әкімдерімен бірлесіп тиісті коммуналдық мекемелер құрады. Осыдан кейін тұрғындармен бірлесіп жоба әзірлеп, ағымдық жөндеу жұмыстарын жүргізетін болады»,-деді.
Ал С.Нокиннің атап өтуінше, пәтер иелері ПИК-ке жөндеу жұмыстарының жалпы құнының 15 пайызы мөлшерінде алғашқы жарна береді. Бұл қаржыны ПИК-тер мердігерлер орындайтын жөндеу жұмыстарына төлейді. Осы аралықта жинақтау есеп шоты ашылып, оған пәтер иелері келісім шартта белгіленген айсайынға жарнаны енгізіп отырады. Жиналған қаржы жөндеу жұмыстарын орындаған мердігерге беріледі. «7 жылдың ішінде тұрғындар алғашқы жарна ретінде 14 млрд. теңгеден астам қаржыны жөндеу жұмыстарына бағыттайды. Ал мердігердің өз қаржысы есебінен орындаған жұмыстарының көлемі 80 млрд. теңгені құрайды», - деді ол.
Жалпы Ө.Шөкеевтің сөзіне қарағанда, облыс әкімдіктері жылына 150-170 үйге жөндеу жұмыстарын жүргізуге қауқарлы екендігін мәлімдеп отыр. Екінші тәсіл түбегейлі күрделі жаңарту жұмыстарына бағытталған. «Бұл сәл өзгешелеу тетік. Ол үшін біз ең алғаш биылғы жылы барлық облыстарда ілкі жоба жасап, әр қаладан орташа есеппен 10 үйді таңдап алдық. Енді біз әлеуметтік корпорациялар арқылы күрделі жөндеу жұмыстарына несие беретін боламыз»,-деді Ө. Шөкеев.
Оның сөзіне қарағанда, әкімдер тұрғындармен келісім-шартқа отырып, сол үйлерді түбегейлі күрделі жөндеуден өткізетін болады. Берілген ақша пәтер иелері есебінен ашылған шотқа аударылып 10 жылдың ішінде қайтарылады. «Бұл пайдалы тетік деп ойлаймын. Инфляция бар, 10 жылда берілген 10 мың теңге 200 теңге болады. Жұмыстардың барлығы қазір жасалады»,-деген Премьер-Министрдің бірінші орынбасары бұл тетіктің тұрғындар үшін өте пайдалы екенін баса айтты.
Ал үшінші бағытта тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы тиімділігін арттыру үшін нормативтік-техникалық құжаттарды жетілдіру және әзірлеу, ғылыми және қолданбалы зерттеулер жүргізу, мамандардың біліктілігін арттыру, энергия үнемдеу саясатын насихаттау іс-шаралары қарастырылып отыр.
Толықтай алғанда, жоғарыда атап өткен мақсаттарды жүзеге асыруға 10 жылдың ішінде республикалық бюджеттен 533 млрд. теңге, оның ішінде қайтарымды негізде 160 млрд. теңге шығындалады. Аталған қаржының 166 млрд. теңгесі коммуналдық жүйелерді жаңғыртуға, ал 358 млрд. теңгесі көппәтерлі тұрғын үйлерді жөндеуге бағытталады.
«10 жылдың ішінде барлық қаржыландыру көздері есебінен 81 мың шақырымнан астам жылу, электр, газбен жабдықтау желілері жаңғыратын болады», - деді С.Нокин.
Осы орайда айта кетерлігі, Үкімет отырсында қабылданған «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында 2015 жылға қарай 5 мың шақырым сумен жабдықтау және 2 шақырым су бұру желісін жаңғырту қарастырылған. Осылайша, 2015 жылға қарай жаңғыртылған желілердің жиынтық көлемі 31 мың шақырымнан астамды құрайды.