Алдағы бес жылдағы басты мақсат - бәсекеге қабілетті машина жасау саласын қалыптастыру - Ә.Исекешев

 лтоқсанның 21-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Елді индустрияландыру бағдарламасында машина жасауға ерекше назар аударылып отыр. Министрдің атап өткеніндей, машина жасау саласының елді үдемелі индустиялық-инновациялық дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясына енгізілуі тегін емес. Дағдарысқа дейін елдегі машина жасау өніміне сұраныс өсімінің қарқыны 13 пайызды құрағанымен, өнімнің 90 пайыздан астамы сырттан әкелінді.
None
None

Елдің импорттық құрылымындағы саланың үлесі 44 пайыз болса, машина жасау өнімінің экспорты 58 млрд. теңгені құрады. Бұл туралы Орал қаласында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссияның көшпелі мәжілісінде ҚР Индустрия және сауда министрі Әсет Исекешев мәлім еткен болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Аталмыш мәжілісте үш мәселе: машина жасау саласын дамыту, химия өнеркәсібін өрістету және тариф белгілеу саясаты талқыланса, осының алдыңғы екеуі бойынша Ә.Исекешев баяндама жасады.

Импорт экспорттан алты есе жоғары. Айталық, 2008 жылы шетелден 15,3 млрд. АҚШ долларына өнім сатып алынса, ішкі шығарған өнім бар-жоғы 2,4 млрд. доллар құрады. Сондықтан машина жасауға баса көңіл бөлмесе, болмайды.

Әсет Орынтайұлының айтуынша, алдағы бес жылдағы басты мақсат - бәсекеге қабілетті машина жасау саласын қалыптастыру. Ол үшін алты бағытта жұмыс жүргізілмек. Бірінші бағыт ретінде, министр мұнайгаз саласына қажетті жабдық өндіруді ұсынды. Пайдалы қазба байлықтарын игеру қарқыны жыл санап артқан тұста оның маңызы айтпаса да түсінікті. Бүгінгі таңда Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Алматы, Атырау, Маңғыстау облыстарында жекелеген кәсіпорындар мұнайгаз секторына керекті кейбір өнімдерді шығарумен шұғылданады. Алайда, олардың мүмкіндігі шектеулі. Елге қажеті - ауқымы мен әлеуеті тұрғысынан алпауыт өндірістерді құру. Жоспарланған жұмыстардың бәрі ойдағыдай орындалып жатса 2014 жылға қарай Қазақстанда мұнайгаз машина жасау саласының өнімі екі жарым есе ұлғайып, отандық өнімдегі үлесі 22 пайызға жетеді. Газтурбиналық қондырғыларға қызмет көрсететін және жөндейтін зауыт іске қосылады.

Екінші бағыт - темір жол көлігін жаңғырту. Елдегі локомотив паркі тозып тұр, жүк пен жолаушы таситын вагондардың жай-күйі де мәз емес. Осы мақсатпен Астана қаласында жаңа локомотив зауытының тұсауы кесілді. Қазір "Сименс" компаниясы ұсынған электровоз зауытының жобасы қарастырылуда. Одан бөлек Аралдағы вагон құрастыру кәсіпорнының қуаты арттырылады. Нәтижесінде жылына 100 локомотив, 5500 жүк вагондары, 1200 дана арнайы темір жол платформалары жасалатын болады. Қазақстанда өндірілген темір жол  көлігі тек ішкі қажеттілікпен шектелмей, іргедегі Ресейдің және Орталық Азиядағы көрші елдердің сұранысын да қанағаттандыруы тиіс.

Үшінші бағыт - шахталық тау-кен машиналарын жасау. «Қара алтын» мен газды, көмірді жер қойнауынан шығару үшін бұрғылау қондырғыларын, құбырларды, сорғыларды және басқа да толып жатқан ірілі-ұсақты жабдықтарды өзіміз жасай аламыз. Таяуда сондай бір серпінді жоба жүзеге асты. Бірлесіп шахталық техника құрастыру жөнінде "Қазақмыс" пен ресейлік "БелАЗ" арасында келісімге қол қойылды.

Төртінші бағыт ретінде белгіленген ауыл шаруашылығы машиналарын құрастырудың болашағы зор. Елдегі комбайндар мен тракторлардың 70 пайызы әбден ескірген, соқалар мен тырма-орақтардың да жаңарып жатқаны шамалы. Тиісінше, Өскемендегі трактор жинау өндірісі, Ақмола, Қостанай, Қарағанды облыстарындағы тырма-орақ жасайтын кәсіпорындар экспорт тұрмақ, ішкі нарықты да қамти алмайды. Есесіне жылма жыл егіс көлемі ұлғаюда. Тығырықтан шығар жол шетел инвестициясын тартып, бірлескен кәсіпорындар құруда жатыр. Соның бір мысалы - "Агромашхолдинг". Айтпақшы, әлемге әйгілі "Джон Дир" компаниясы да Қазақстанда өз өндірісін ашуға тілек білдіріпті. Жоспарға сай жыл сайын елде 800 дана комбайн, мың дана МТЗ тракторын жинау, оған қоса тоғыз сауда- сервистік орталық ашу көзделуде.

Бесінші бағыт - электротехникалық машина жасау саласында алдағы бес жылда өнім өндіру көлемі 1,7 есе артады. Аккумуляторлар, трансформаторлар, кабельдер шығару ісі жолға қойылып, қуаты жылына 370 мың дана мониторлар мен теледидарлар шығаруға жететін зауыт салынатын болады.

 Соңғы бағыт - автокөлік құрастыру. Мұнда велосипед ойлап табудың қажеті жоқ. Негізінен Қазақстанда бағасы арзан жеңіл автокөліктер сұранысқа ие. Оған транзиттік әлеуетімізді қоссақ, тәп-тәуір табысқа жетуімізге жол ашық. Ең бастысы - сапалы көлік өндірушілермен жұмысты дұрыс жолға қою. «Жоғарыда аталған алты бағыт тиянақты мемлекеттік қолдау арқылы дами алады. Ол үшін республикадағы машина жасайтын төрт ірі кәсіпорын (Қостанайдағы "Агромашхолдинг" АҚ, Өскемендегі "Азия - Авто" АҚ, Алматы мен Павлодар облысындағы кәсіпорындар) төңірегінде еркін экономикалық аумақтар құру қажет. Салық салу базасын, соның ішінде корпоративтік табыс салығын кеміту, қаржылық лизинг заңдылығына өзгерістер енгізу секілді сауалдар шешімін табуы тиіс. Сонымен қатар Үкімет үш конструкторлық бюро ашуға шешім қабылдады. Отандық өндірушілер үшін тағы бір жағымды жаңалық - енді барлық жер қойнауын пайдаланушылар ұзақ мерзімді сатып алулар жоспарын міндетті түрде Үкіметке ұсынатын болады. Ол ақпарат сайт арқылы кез келген мүдделі тұлғаға жеткізіледі. Бұрынғыдай жасырын, жұмбақ тендер-байқауларға тосқауыл осылай қойылады», деді Индустрия және сауда министрі.

Министрдің пікірін қуаттаған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мейрам Пішембаев осыған сабақтас екінші бір мәселенің шетін шығарды. "Машина жасау саласын дамыту туралы мәселе ұзақ жылдардан бері бірінші рет талқыланып, терең зерделенген бағдарлама жасақталып отыр. Кез келген машинаға немесе жабдыққа жан беретін станок қой. Өкінішке қарай, біз бұл өндірісті әбден тұралатып алдық. Алматы станок құрастыру зауыты келмеске кетті. Шымкенттегі осы тақылеттес кәсіпорын соңғы сағаттарын санауда. Павлодардағы инструмент зауыты кәсіби бағдарын өзгертті. Шойын балқытатын зауыттардың саны да саусақпен санарлық. Салыстыру үшін айтсақ, көрші Ресейдегі мұндай кәсіпорындардың саны 1600-ден асып жығылады. Ендеше, осы салаға да жіті назар аудару керек. Бұл бір. Екіншіден, Каспий қайраңын қарқынды игеруге байланысты түрлі дәрежедегі бірнеше жүздеген кемелер қажет. Солардың үштен бірін Қазақстанның жасау мүмкіндігі бар. Алысқа бармай-ақ, Орал "Зенит" зауыты бұған қабілетті. Кенішті игеруші компаниялардың назарын осы мәселеге аударуды Үкіметтен сұраймын. Үшіншіден, инновацияның өзегі болып табылатын соны ғылыми - конструкторлық ізденістерді өндіріске ұдайы енгізіп отыруды  машина жасаушыларға міндеттеген жөн», деді депутат.

Мәжілістің күн тәртібіне қойылған Қазақстандағы химия өнеркәсібін өркендетуге қатысты мәселеде де жетістіктерден гөрі түйінді, түйткілді тұстар көп көрінді. Менделеев кестесіндегі барлық элементтердің отаны болып саналатын елімізде химия өнімдерінің 70 пайыздан астамы шетелден әкелінеді. Кәдімгі қарапайым сабын, пластмасса аяқ-табақтан бастап, минералды тыңайтқыштарға дейін импорттық өнім. Қалыптасқан ахуалды түзеу үшін бағдарламада көпсатылы химия өнеркәсібін өрістету жоспары қаралған. Ол бойынша полипропилен, полиэтилен өнімдерін өндіру, синтетикалық каучук алу, минералдық тыңайтқыштар, пластик құбырлар өндірісі жолға қойылатын болады. Жалпы жиынтығы 2 трлн. теңге қаржы саланы бәсекеге қабілетті деңгейге көтеруі тиіс.

Аталмыш мәжілісті қорытындылаған Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов машина жасауды өзге салалардан бөліп жеке қарастыруға болмайтынын атап көрсетті. «Онда біз еш нәтижеге жете алмаймыз. Машина жасау ең алдымен экспортқа бағытталған нақты сапалы инновациялық өнім шығаратын салаларға ауадай қажет. Химия өнеркәсібіне қатысты айтарым да осы. Көшпелі мәжіліс Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Үкіметке жүктеген тапсырмаларына орай өткізілді және ол бұған дейін қабылданып, жүзеге асырылған барлық экономикалық бағдарламалардың заңды жалғасы. Бүгін таңда елімізде машина жасау саласын, химия өнеркәсібін дамытуға қажетті алғышарттар толық жеткілікті деп есептеймін. Олай болса бәріміз жұмыла жұмыс жасауға тиіспіз», деді Премьер-Министр.

Соңғы жаңалықтар