Алдағы екі жылда 50 миллион адам жұмыссыз қалады - БҰҰ

НЬЮ-ЙОРК. Мамырдың 29-ы. ҚазАқпарат /Әлия Алтынғазина/ - Біріккен Ұлттар Ұйымының Экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаментінің сарапшылары 2009 жылдың жаһандық экономикалық даму болжамын қайта қарап шықты.
None
None
Жаңа баяндамада экономистер жалпы ішкі өнімнің 2,6 пайызға қысқаратыны туралы түйін жасап отыр. Ағымдағы жылдың қаңтар айында бұл көрсеткіштің болжамы 0,5 пайыз шамасында қарастырылған болатын. Әлем Екінші дүниежүзілік соғыстан бері болмаған ең ауыр дағдарысты бастан кешіруде. Оптимистік сценарий бойынша, экономика 2010 жылы біртіндеп қалпына келе бастауы мүмкін. Жаһандық деңгейде қабылданып жатқан төтенше шараларға қарамастан, нарықты тұрақтандыру және экономикалық өсуді жандандыру үшін әлі де мол қосымша күш керек. Кедей мемлекеттерді және халықты қолдауға бағытталған күш-жігерлерді жұмылдыру керек, дейді сарапшылар. Дағдарыстың әсіресе дамушы елдерге теріс әсері көп болып отыр. 2009 жылы ТМД елдерінің жалпы ішкі өнімі 5,4 пайызға төмендейді. БҰҰ сарапшылары, табиғи ресурстарға бай өңір елдері жинақталған мұнай қорларын пайдаланып, дағдарысқа қарсы бірқатар тиімді шаралар қабылдап отыр деп санайды. Экономикалық белсенділіктің құлдырауы жұмыс орындарының жаппай қысқаруына әкеледі, дейді сарапшылар. Баяндамаға сәйкес, алдағы екі жылда әлем бойынша ең аз дегенде, 50 миллион адам жұмыстан шығып қалады.
Соңғы жаңалықтар