Алдағы сәрсенбіде банктерге қолданыстағы ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыруға арналған қаржы түседі - Премьер-Министр

АСТАНА. Ақпанның 9-ы. қазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Осы сәрсенбіде еліміздің екінші деңгейлі банктерінің есепшоттарына қолданыстағы ипотекалық кредиттерді қайта қаржыландыруға, сондай-ақ шағын және орта бизнес субьектілерін несиелеуге арналған қаржы түсетін болады.
None
None
Бұл туралы бүгін Үкіметтегі селекторлық кеңесте Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Селекторда өткен аптаның жұма күні Парламентте «Нұр Отан» партиясы фракциясының отырысында тұрғын үйлерге берілген ипотекалық несиелердің ставкасын төмендету, сондай-ақ шағын және орта бизнес субьектілеріне берілетін кредиттердің ставкасы туралы сөз болғанын айтқан Үкімет басшысы: «Мен тиісті тапсырмалар бердім, ертең барлық шешімдерді қабылдаймыз. Сәрсенбі күні қаржы банктерге түсетін болады», - деді. Айта кетейік, Үкімет бұған дейін тұрғын үйлерге берілген қолданыстағы ипотекалық кредиттердің ставкасын төмендету туралы шешім қабылдап отыр. Халықтың әлеуметтік жағынан қорғалмаған топтарына, яғни әлеуметтік және бюджет саласы қызметкерлеріне арналған несиенің жылдық ставкасы теңгемен 9 пайыздан, ал басқа қарыз алушылар үшін 11 пайыздан аспайтын болады. Осы критерийге жататын барлық азаматтар өздері несие алған банктер арқылы несеиелерін қайта қаржыландыра алады. Бұл бағдарлама бірқатар санаттағы азаматтарды қамтиды және оның өз өлшемдері болады. Атап айтқанда, банктерден тұрғын үйге ипотекалық несие алған азаматтың пәтерінің аумағы 120 шаршы метрден аспауы тиіс және ол оның басындағы жалғыз баспанасы болуы шарт. Сонымен қатар, аталмыш бағдарламаға кіретіндердің екінші деңгейдегі банктерде мерзімінен асып кеткен қарыздары болмауы тиіс. Ал шағын және орта бизнес субьектілеріне берілетін несиенің жылдық ставкасы 12 пайыздан аспайды.
Соңғы жаңалықтар