15:05, 06 Желтоқсан 2012 | GMT +5
Алдағы жылы Батыс Қазақстанда ақын әрі батыр, күйші Махамбет Өтемісұлының 210 жылдығын кең көлемде атап өту ойластырылуда
ОРАЛ. 6 желтоқсан. ҚазАқпарат - Алдағы жылы Батыс Қазақстан облысында ұлы ақын әрі батыр, күйші Махамбет Өтемісұлының 210 жылдығын кең көлемде атап өту ойластырылуда.

Бұл туралы «Исатай-Махамбет» қоғамдық қорының директоры Темірхан Елеубаев мәлім етті.
Оның айтуынша, 2013 жылы аталмыш қор бірнеше шараны ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, Махамбеттің өмірі мен шығармашылығына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция, М.Өтемісұлы атындағы күйші-термешілер байқауы, волейболдан ардагерлер арасында халықаралық турнир өтпекші.
«Мұның бірқатарын «Исатай-Махамбет» қоры бұған дейін де аймақтық деңгейде өткізген еді. Негізі Исатай мен Махамбет - бүкіл Қазақстанға ортақ тұлға. Сондықтан олардың есімдері Астанадан бастап еліміздің басқа да қалаларында да ұлықталса дейміз. Біздің басты мақсатымыз - Орал қаласында қос батырға арналған лайықты ескерткіш орнату», деді Т.Елеубаев.