12:40, 22 Сәуір 2011 | GMT +5
Алдын ала есептеулер бойынша су тасқынынан электрмен қамту жүйесіне 314 млн. теңгедей шығын келген - БҚО
ОРАЛ. 22 сәуір. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Алдын ала есептеулер бойынша БҚО-дағы су тасқынынан электрмен қамту жүйесіне 314 млн. теңгедей шығын келген.
Бұл туралы облыс әкімдігінде ҚР индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Дүйсенбай Тұрғановтың қатысуымен өткен жиында айтылды.
Қалпына келтіру жұмыстарына қанша қаржы кететіні барлық су басқан нысандарды тексергеннен кейін белгілі болмақ. Су тасқыны салдарынан аудандар мен Орал қаласында электр бағандары мен кешенді трансформаторлар бүлінді. 5200 абонент пен әлеуметтік нысандар жарықсыз қалды. Қазіргі кезде «Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» АҚ қалпына келтіру ісін үздіксіз жүргізуде. 4800 абоентке электр жарығы берілді. Қалғанына әлі су басып жатқандықтан ешқандай техника жете алмайды. Су кеткен бойда компания бригадалары оларды электр жүйесіне шұғыл қосатын болады.