Александр Аглиулин Шахтинск қаласының әкімі болып тағайындалды

ҚАРАҒАНДЫ. 18 наурыз. ҚазАқпарат - Қарағанды облысындағы Шахтинск қаласының әкімі болып бұған дейін осы қала әкімінің орынбасары қызметін атқарған 38 жастағы Александр Аглиулин тағайындалды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметінен.
None
None

«18 наурыз күні Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев Шахтинск қаласы активінің жиналысын өткізіп, онда кадрлық өзгерістер туралы хабарлады. ҚР Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша және қалалық мәслихаттың келісімімен облыс әкімінің шешімімен А.Аглиулин Шахтинск қаласының әкімі болып тағайындалды», - делінген хабарламада.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінен келіп түскен ақпарат бойынша, Шахтинскінің бұрынғы әкімі Ерсайын Нағаспаев қызметінен басқа жұмысқа ауысуына байланысты босатылды.

Облыс әкімі қаланың жаңадан тағайындалған басшылығының алдында аймақты әлеуметтік-экономикалық дамыту, соның ішінде шағын қалаларды дамыту бағдарламасын іске асыру, әсіресе Шахан кентін сапалы жылу берумен қамтамасыз ету, ауызсудың тұрақты берілуі бойынша бірқатар міндеттер қойды.

«Бұдан басқа, Индустрияландыру картасына енгізу үшін инвестициялық жобаларды іздеу, денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы, су құбыры желілерін жаңарту, «Шахтинскэнерго» ЖШС-ін жаңғырту сияқты мәселелерді бақылауға алу керек», - деп атап өтті Б.Әбдішев.

А.Аглиуллин 1975 жылы туған. Білімі жоғары. Қарағанды бизнес, басқару және құқық университетін бітірген. Мамандығы - экономист-менеджер.

Еңбек жолын 1994 жылы КСРО-ның 60 жылдығы атындағы кеңшарда жұмысшы болып бастады. 1995-1997 жылдары - Абай ауданындағы «Жылыжай комбинаты» акционерлік қоғамында жұмыс жасады.

1999 жылғы қазаннан - мемлекеттік қызметте. Абай ауданы әкімі аппаратының жедел басқару бөлімінде маман, кейіннен бөлім бастығы болды. 2003-2008 жылдары - Абай қаласы әкімінің орынбасары. Одан кейін Қарағанды облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары болып жұмыс жасады. Қарағанды қаласының ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімін басқарды. 2011 жылғы қаңтардан жаңа тағайындауға дейін Шахтинск қаласы әкімінің орынбасары болып қызмет атқарды.

Соңғы жаңалықтар