ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Семсерді соқаға ауыстыру - Пхеньян иліккен сыңайлы

Аптаның басты жаңалықтарының бірі Корей Халықтық Демократиялық Республикасының өзінің ядролық сынақтары мен алыс қашықтыққа бағытталатын зымырандарының сынағына, сонымен қатар Йонбендегі ядролық нысандарының жұмыстарын тоқтатуға мораторий жариялауға дайын болуы болды. Бұл ретте Пхеньян Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) инспекторларына өзінің атом нысандарына тексеру жүргізуге мүмкіндік береді. Аталған шешімге Бейжіңде АҚШ пен КХДР өкілдерінің құпия келіссөздерінің қорытындылары бойынша қол жеткізілді. Оны АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті сейсенбі, 29 ақпан күні мәлім еткен еді.
Естеріңізге сала кетейік, Ресей, АҚШ, Қытай, Жапония және Оңтүстік Кореяның қатысуымен өткен КХДР-дің ядролық қарусыздану жөніндегі алтыжақты келіссөздері 2008 жылы тоқырап қалған болатын. Ал 2009 жылдың сәуірінде КХДР МАГАТЭ-мен ынтымақтастығын тоқтатып, оның мамандарын елден шығарып жіберген-ді.
АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон атап өткеней, американдық тарап Солтүстік Кореяның мораторий енгізуін оның дұрыс бағыттағы алғашқы байыпты қадамы деп атай отырып, оң бағалайды. Дегенмен Вашингтон жағдайдың одан әрі қарай өрбуін жіті қадағалап, солтүстіккорейлік басшылық қабылдайтын іс-қимылдарға сәйкес қорытынды жасайтындығы аталып өтілді. Сонымен қатар АҚШ екіжақты қарым-қатынастарды тұрақтандыру мақсатында басқа да қадамдарға баратындығы айтылды. Енді АҚШ КХДР-ға шамамен 240 мың тонна азық-түлік жібереді.
Солтүстік Корей Сыртқы істер министрінің атап өтуінше, келіссөздер барысында қол жеткізілген аталған келісім Вашингтон тарапынан азық-түлік көмегіне алмастырылған. Сәл кейінірек АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті Вашингтонның Пхеньянға гуманитарлық көмек беру перспективасын КХДР-дің ядролық бағдарламасымен байланыстырмайтындығы туралы ресми мәлімдеме таратты. Дегенмен, мәселен, Американың Тынық мұхиты флотының қолбасшысы, адмирал Роберт Уиллард бұл аспектілерді тікелей байланыстырды. Әрине бұл Вашингтонның ресми ұстанымымен сәйкес келмейді.
Әлемдік қоғамдастық жаңа келісімнің Корей түбегіндегі денуклеаризациялау процесін жаңа күшпен іске қосу мүмкіндік беретініне сенім артты. ЕО-ның сыртқы істер жөніндегі жоғары өкілі Кэтрин Эштон Еуропалық одақтың КХДР-дің ядролық сынақтарға зымырандық ұшырылымдарға мораторий енгізу шешіміне қолдау білдіретіндігін мәлімдеді. «Егерде мұндай шешім шындығында да жүзеге асырылатын болса, онда бұл дұрыс бағыттағы қадам болады», - деп атап өтілген оның мәлімдемесінде.
Ресей Сыртқы істер министрлігі өз мәлімдемесінде Ресей Федерациясының 23-24 ақпан күндері Бейжіңде өткен АҚШ пен КХДР өкілдерінің арасындағы үшінші кездесудің нәтижелерін қанағаттанушылықпен қабыл алғандығын атап өткен. «КХДР-дің ядрлық қаруды қолдаданудан бас тарту саласында бірқатар қадам жасайтындығы, ал АҚШ-тың гуманитарлық көмекті қоса алғанда екі елдің арасындағы қарым-қатынасты тұрақтандыратындығы турасындағы келісімді оң бағалайды», - делінген талдауда. Дәл осындай бағалауды Қытай да қолдайды әрі КХДР мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастардың жақсаруына, олардың түбегіндегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау ісін күшейтулеріне оң бағасын береді.
Өз кезегінде БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Пхеньянның «Корей түбегіндегі «дәлелденетін ядролық қаруды қолданудан бас тарту» бағытында ілгері жылжуын жалғастыратындығына үміт артты. Сонымен қатар ол «КХДР халқының ең әлжуаз бөлігін гумантиралық көмекпен шұғыл қанағаттандыру» қажеттігін атап өтті.
Бұған қоса, қол жеткізілген келісімдер бойынша АҚШ пен КХДР-дің егжей-тегжейлі бағалауларының бірқатар айырмашылықтары бар. Мәселен, КХДР-дің мемлекеттік телеграф агенттігі бұл келісімді Вашингтонның өтініші бойынша қабылданған уақытша акция деп атайды. Осы ретте келісімнің АҚШ-тың Солтүстік Кореяға қатысты санкциясының күшін жою үшін жағдай жасайтындығы аталып өтілген. Дегенмен, АҚШ дәл осындай сәттерді атап өтіп отырған жоқ. Бұған қоса КХДР шамамен бір жыл бойы азық-түлік көмегін жеткізуге тікелей бөгет жасады деп санайды.
Бірқатар халықаралық сарапашылардың сыни көзқарасына қарамастан, бұл келісімнің жетістігі алға жылжыған маңызды қадам ретінде атауға болады. бүгінгі келісімнің шынайы іс жүзіндегі шаралармен және өзара мүддемен қатар жүріп отыруы тиіс екендігі сөзсіз. Енді халықаралық қоғамдастыққа шағын, бірақ өркеуделі елдің алдағы болашақта да ядролық қару сынағын жасаудан түбегейлі бас тарту қажеттігіне сендіру қалып отыр. Егерде бұл мәселе бойынша түбегейлі шешім қабылданатын болса, онда түбектің толықтай денуклеаризациялануы туралы әңгіме айтуға болады.
Пхеньян ядролық қарудан бас тартып, ядросыз әлем қалыптастыру ісіне үлгі көрсетуге дайын ба? Қазіргі геосаяси болмыста және өзіндік менмендік жағдайда олай болатындығына сенім аз. Дегенмен үлкен жол, кішкентай қадамнан басталады демекші, ертең не арғы күні әлемдік қоғамдастықтың даму мүддесіне орай шындығында да жауапты шешім қабылдануы бек мүмкін. Ал бұл соңғы нәтижеде барлық елдерді ядросыз әлемнің ортақ декларациясын қабылдауға итермелейді.