Әлем елдері экологиялық проблемаларды шешу үшін өзара бірігуі тиіс - Үкімет басшысы

ТАНА. 23 қыркүйек. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Әлем елдері экологиялық проблемаларды шешу үшін өзара бірігуі тиіс.
None
None

Бұл жайында бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Еуропа үшін қоршаған орта» атты 7-ші министрлер конференциясының жұмысына қатысушылармен кездесу кезінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов мәлім етті.

Премьер-Министрдің пайымдауынша, бүгінде әлемдегі экологиялық проблемаларды трансшекаралық маңызға жатқызуға болады. Оның ішінде су ресурстарының мәселесі мен «Жасыл даму» проблемаларын ескеру қажет. «Бірде-бір ел климаттың өзгеруі проблемасын жеке дара шеше алмайды. Бұл тұрғыда біз баршамыз күш-жігерімізді біріктіруіміз қажет»,-деп атап өтті Үкімет басшысы.

Сонымен қатар К. Мәсімов Қазақстан Президенті «Жасыл көпір» бағдарламасын ұсынғанын айта келе, «Менің пайымдауымша, бұдан бұрынғы өткен 6 конференция барысында қолдау тапқан технологиялар жасыл экономика тұрғысындағы өте маңызды үлес болып табылады»,-деді.

Айта кетейік, Астанадағы Тәуелсіздік сарайында 21-23 қыркүйек арасында «Еуропа үшін қоршаған орта» атты 7-ші министрлер конференциясы өтіп жатыр. Аталған алқалы жиынға бірқатар елдердің экология министрлері қатысуда.

Естеріңізге сала кетейік, 2010 жылдың қазанында Астанада Азия мен Тынық мұхит аймағының Қоршаған ортаны қорғау және дамыту министрлерінің 6-шы конференциясы өткен еді. Онда қоршаған орта және дамыту жөніндегі декларация, сондай-ақ Астананың «Жасыл көпір» атты бастамасы қабылданды. Аталған «Жасыл көпір» бастамасы Еуропа мен Азия арасындағы байланыс бағытындағы Қазақстан Президентінің идеясын іске асырудың негізі болып табылады. Бастаманың негізгі мақсаты - экономикада «жасыл даму» саясатын алға жылжытуды Еуропа, Азия және Тынық мұхиты елдеріне қолдау көрсету.

Соңғы жаңалықтар