Әлемде инфляция өсуде

АЛМАТЫ. 4 мамыр. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - 2010 жылы дамушы елдерде инфляция көлемі 6 пайыз, дамыған елдерде 2 пайыз, жалпы әлем бойынша 4 пайыз көлемінде өсті.
None
None

Бұл туралы бүгін Алматыда «Кавказ, Орталық Азия мен Қазақстан экономикаларының өсу болашағы» атты есебін жариялаған Халықаралық валюта қорының өкілдері мәлім етті.

Қор өкілдерінің айтуынша, инфляция көлемі биыл да былтырғы деңгейде өседі. Бұған басты себеп - азық-түлік пен жанармай бағасының өсуі. «Негізінен базалық инфляция көлемі артқан жоқ. Керісінше төмендеу байқалған болатын. Алайда тауар бағаларының өсуі мен мемлекеттік шығындардың артуы, жалақы мен зейнетақының, әлеуметтік төлемдердің көтерілуі базалық инфляцияның өсуіне әкеп соқты. Инфляция деңгейімен қатар, әлемдік экономикадағы өсім де мемлекеттік шығындардың артуымен жоғарылап отыр», - дейді ХВҚ сарапшылары.

Олардың сөзіне қарағанда, былтырғы жылы әлемдік экономика 6,5 пайыздық өсім көрсетті. Ал 2009 жылғы дағдарыс кезеңінде бұл көрсеткіш 3 пайыз мөлшерінде болған еді. «Биылғы көрсеткіш әлемнің дағдарыстан шыққанын көрсетеді», - дейді сарапшылар. Олардың пікірінше, Орталық Азия мен Қазақстан экономикасы да өз деңгейінде өсім көрсетіп отыр. «Алайда бұл өсім инфляцияның базалық мөлшері сияқты мемлекеттік шығындардың ұлғаюы есебінен артып, пайда болып отыр. Орталық Азия мен Кавказдың мұнай экспорттаушы елдерінде 7 пайыз, импорттаушы елдерде - 4 пайыз мөлшерінде өсім болды»,- деді ХВҚ сарапшылары.

Соңғы жаңалықтар