Әлемдік саясаткерлер ЕЭО-ның әлеуетінен сескенеді - Елбасы
«Бүгінде Еуразиялық экономикалық одақ туралы сөз қозғалғанда кейбір сарапшылар мен саясаткерлер әлемдік қоғамдық пікірді және біздің азаматтарымызды Кеңес Одағының жаңғыртылуы жөнінде аңыздармен қорқытып жүр. Мұндай пайымдар шындыққа мүлдем жаңаспайды және оның ешқандай негізі жоқ деп санаймын», - деді Мемлекет Басшысы.
Н.Назарбаев дәріс барысында оның бірнеше себептерін де атап, халық арасындағы күдікті сейілте түсті.
«Біріншіден, кеңестік үлгіні жаңғыртуға ешқандай институционалдық негіз жоқ. Барлығы тарихтың еншісіне келмеске кетті. Екіншіден, посткеңестік елдер өз ерекшеліктеріне және дәстүрлеріне сай мемлекеттерін құрып алған. Үшіншіден, біздің қоғамның жеке меншік жүйесі, әлеуметтік құрылымдар мен экономикалық бағыты кеңестік заманнан әлдеқайда озық тұр. Осынысымен де ЕЭО-қа кіретін мемлекеттер ортақ», - деді Президент. Елбасының сөзіне қарағанда, әлемде бірнеше ықпалдастық жобалары іске асуда, алайда олардың бірде-бірі әлемдік саясаткерлердің Еуразиялық экономикалық одаққа берген түрлі пікірлігіне іліккен емес.
«Неліктен? Расын айтсам, мұндай жағымсыз пікірлердің туындауы - Еуразиялық экономикалық одақтың өзге жаһандық экономикалық интеграцияларға үлкен бәсекелес атануы мүмкін деген қауіптерін жасырудың бір амалы деп білемін. Неге өзге қырларын айтпайды, біздің Еуразиялық экономикалық одақ пен Еуропалық экономикалық одақ және басқа да ұйымдармен ықпалдастығынан шығатын пайданы неге сөз етпейді? Мұндағы пайданың зор екендігі күмәнсіз ғой. Бір жағынан түрлі сандырақтардың қарқын алуы еуразиялық ықпалдастық идеясының әлеуеті мен болашағы зор екендігін көрсетеді және біз дұрыс бағытта келеміз деген сөз», - деп түйді сөзін ҚР Президенті.