Әлемге лаңкестер мен экстремистерге қарсы іс-қимылдың әмбебап әрі міндетті ережелері қажет - Н.Назарбаев
Бұл туралы бүгін БҰҰ Бас ассамблеясы аясындағы Зорлық-зомбылық экстремизміне қарсы күрес жөніндегі саммитінде сөз сөйлеген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты. «Әлемге лаңкестер мен экстремистерге қарсы іс-қимылдың барлық мемлекеттер үшін әмбебап әрі міндетті нормалары мен ережелері қажет. БҰҰ аясында экстремистік және лаңкестік құрылымдар түсінігін біріздендіру, оларды әлемдік заңнан тысқары деп жариялау құқығын тек Қауіпсіздік кеңесіне беру керек. Лаңкестік ұйымдардың біріыңғай тізбесін құру маңызды», - деді Елбасы. Сонымен қатар Мемлекет басшысы халықаралық лаңкестік пен экстремизм қылмыстарына қатысы бар тұлғаларды іздеу және экстрадициялаудың бірыңғай механизмі қажет екендігін атап өтті. Оларға қолдау көрсететіндерге қатысты дәл сондай қатаң санкция қолданылатындығын нақты бекіту керектігін баса айтты. «Зорлық-зомбылық экстремизміне қарсы іс-қимылда тек оның салдарымен ғана күреспей оның бастапқы себептерін жою қажет», - деді Н.Назарбаев.