Әлемнің екі дүркін жеңімпазы Серік Сәпиев халықаралық турнирдің ең үздік боксшысы болып танылды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
69 келі салмақта өнер көрсеткен Серік Сәпиев финалға дейінгі кездесулерін де өте жоғары деңгейде өткізді. Ол жартылай финалда тараздық мықты жас спортшы Мақсат Әлімбаевпен кездесіп, Серік тартысты бәсекені 8:4 есебімен өз пайдасына шешті. Осы салмақтағы өзбек елінің тәжірибелі боксшысы, жастар арасындағы әлем біріншіліктерінде ерекше танылған Оқтам Рақмонов жартылай финалда кубалық Хидалго Гато Уилсонды жеңіп, финалда Серікке қарсылас атанды.
Финалдық кездесуге халықаралық дәрежедегі төреші Берікбол Қасымханов қазылық жасағанын айта кеткен жөн. Бұл Серік Сәпиевтің шаршы алаңдағы өте бір шеберлігін айқын көрсеткен кездесуі ретінде жанкүйерлердің есінде қалатын болды. Серік ауыр соққыларды негізінен сол қолымен жасайды. Алайда, С.Сәпиевтің алға ұстаған оң қолымен-ақ қарсыласын дөп соққылардың астына алатыны бокс зерттеушілерін де, жанкүйерлерді де сүйсіндіріп келеді. Серік өзбек боксшысы Оқтам Рақмоновқа айла-тәсіл қолданатындай ешқандай мүмкіндік қалдырған жоқ. Өзбек боксшысының мұрны қанап қалған соң, кездесу бірнеше рет тоқтатылды. Серіктің айбынын асырып, марапатқа бөлеген кездесу 15:5 нәтижесімен аяқталды.
Дәстүр бойынша осы халықаралық турнирдің ең үздік боксшысы анықталады және оған бұл жолы автокөлік сыйлығы белгіленді. Қазылар алқасының бірауыздан шыққан шешімімен Әлемнің екі дүркін жеңімпазы, қарағандылық боксшы Серік Сәпиев осы жарыстың ең үздік боксшысы болып танылды. Әлемдік деңгейде Қазақ елінің мәртебесін асырып жүрген Серікке «Шкода» автокөлігінің кілті табыс етілді.