13:58, 04 Мамыр 2009 | GMT +5
Әлеуметтік әділдік жеке мүліктерді қайта бөліске салу дегенді білдірмейді ? Д. Кәлетаев
АСТАНА. Мамырдың 4-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Әлеуметтік әділдік жеке мүліктерді қайта бөліске салу дегенді білдірмейді. Бүгін «Нұр Отан» ХДП идеологиялық активінің республикалық кеңесінде «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Дархан Кәлетаев осылай мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сөз арасында бүгінгі күнгі әлемдік дағдарыс жағдайына тоқталған партия Төрағасының бірінші орынбасары, басқа елдермен салыстырғанда Қазақстандағы дағдарыс көрінісі жеңіл сезіліп отырғанын, бұған мемлекеттің экономиканы тұрақтандыруға бағытталған шараларының әсері мол екендігін атап өтті. «Дегенмен де, әлемдік дағдарыс дүниежүзінде іскерлік белсенділікті төмендетіп, азаматтардың өмір сүру деңгейі бойынша нарықтық экономиканың іргелі қағидаттарының тиімділігіне күмән туғызды. Сонымен бірге нарықтық экономика біздің экономикалық жетістіктерімізге, мемлекеттігімізді сақтап, нығайта түсуге, қоғамның және азаматтардың дамуына қажетті жағдайлар қалыптастыруға негіз болды. Осы бағыттағы ынталандыру әсерлерінің нәтижесінде Қазақстан бүгінгідей прогрессивті және беделді мемлекетке айналып отыр», - деді Д. Кәлетаев.
Сонымен бірге, партиялық идеология мәселесіне тоқталған ол, «Нұр Отанның» негізгі басымдықтары ұлттық құндылықтар жүйесіне құрметпен қарау, қазақстандық патриотизмді қалыптастыра отырып қоғамды дамыту болып табылатынын атап өтті. «Мүліктік және әлеуметтік теңсіздік жағдайында әрі елде орын алған еркін экономикалық қатынастарға орай, партия ұстанымы бұндай теңсіздіктерді шектен тыс болдырмауға саяды. Біз үшін әлеуметтік әділдік жеке мүліктерді қайта бөліске салу дегенді білдірмейді», - деді партия Төрағасының бірінші орынбасары.