Әлеуметтік әріптестік жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның отырысы өткізілді
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Комиссия жұмысын облыс әкімінің бірінші орынбасары, облыстық үшжақты комиссияның төрағасы Мадияр Алдоңғаров жүргізді. Онда облыс әкімдігі мен облыстық кәсіподақтар кеңесі және «Атамекен» одағы арасында 2009-2011 жылдарға арналған келісім бойынша атқарылған жұмыстар барысы қаралды.
Комиссия жұмысының басты мақсаты - жұмысшылар мен жұмыс берушілер арасындағы еңбек қатынастарын ұжымдық шарттар арқылы реттеу, қоғамда әлеуметтік тұрақтылықты сақтау және халықты жұмыспен қамтамасыз ету.
Отырыста алғашқы болып хабарлама жасаған облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Серік Сермағамбетов өткен жылы қол жеткізілген көрсеткіштерге тоқталды. Атап айтқанда, былтыр облыстың негізгі саласы саналатын өнеркәсіп өндірісінде 587 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Мұнан кейін хабарлама жасаған ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бақылау және әлеуметтік қорғау комитетінің Қызылорда облысы бойынша басқармасы бастығының орынбасары Әбдіғазы Асқарұлы ұжымдық шарттар арқылы қоршаған ортаны қалыптастыру мен денсаулық сақтау шараларын ұйымдастыру барысына кеңінен тоқталды.