Әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға барынша күш салынып отыр - Алматы облысы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы облысының әкімі Амандық Баталов тұрғындар алдындағы есебінде білім беруді дамыту мемлекеттік бағдарламасының негізгі индикаторлары мен көрсеткіштері толық орындалғанын баяндаған болатын.
None
None

Облыста барлығы 13 мектеп, 5 балабақша салынып, 52 нысанға күрделі жөндеу жүргізілді. Бүгінде 735 мектептің 90-ы жаңа, 277-і күрделі жөндеуден өтті. Апатты мектептердің мәселесі шешімін тапты. Үшмаусымдылықты жою үшін 51 мектептің құрылысы жоспарланса, оның 33-і Елбасы тапсырмасымен Ұлттық қор қаражаты есебінен салынады делінген еді.

Осы орайда қыркүйек айында Алматы облысы Алакөл ауданына қарасты Лепсі ауылында спортқа бейім балаларға арналған жаңа интернат ашылды. Алғашқы оқушыларды грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров құттықтады. Бұл мектеп-интернат ауылдық жерде салынған алғашқы интернат екендігін атап өткен жөн. Игі істің бастамашысы және меценаттық демеушілік көрсеткен - кәсіпкер Бауыржан Оспанов. Биылғы оқу жылында бокс, грек-рим күресі, еркін күрес, ауыр атлетика, дзюдо және шаңғы жарысы сияқты спорт түрлері бойынша 100 оқушы білім ала бастады. Бұл спортшылар - iріктеудің үш кезеңінен өткендер. Олардың ішінде Алматы облысы аудандары мен ауылдарының тумалары, сондай-ақ Павлодар, Шығыс қазақстан облысы өкілдері бар. Жыл сайын оқушылар саны мен спорт түрлері ұлғаятын болады. Интернат базасында спорттың алты түрі бойынша мамандандырылған залдар ашылды. Ойын залы, футбол алаңы, монша, кітапхана, асхана, 250 орындық жатақхана. Сондай-ақ бапкерлер мен оқытушыларға арналып үйлер салынған. Шаңғы жолы мен ипподром салу жоспарда бар. Ашылу рәсімінде Бауыржан Оспанов интернатқа жаңа шағын автобус табыс етті, онымен балалар түрлі жарыстарға қатынайтын болады. Сонымен қатар облыста «350 дәрігерлік амбулаториялар» бағдарламасы аясында 36 медицина мекемесі, оның ішінде 22-і өткен жылы салынған болатын. Өткен аптада Көксу ауданының Балпық би кентінде 250 орынға арналған жаңа емхананың ашылуы - облыста әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстарының әлі де қарқынды жүзеге асуының кепілі. Емхананың салтанатты ашылу рәсіміне Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қатысты. Жаңа нысанды аралаған өңір басшысы денсаулық сақтау нысанының қолданысқа берілуімен жиналғандарды құттықтай келе, бұл емханада сапалы медициналық көмек көрсетуге барлық жағдайдың жасалғандығын атап өтті. "Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айқындап берген Ұлт жоспары «100 нақты қадам» бағдарламасын іске асыруда негізгі басымдық - тұрғындарға алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуді жақсарту. Бұл жоспар еліміздің медицина саласын одан әрі дамытуға оң әсерін тигізеді. «Ұлт денсаулығы - біздің жарқын болашағымыздың негізі» деп атап көрсеткен болатын. Елімізде денсаулық сақтау саласының дамуына көп көңіл бөлінуде. Мемлекеттік бағдарламалар аясында денсаулық сақтау ісін реформалау, халыққа медициналық көмек көрсетуді жақсарту жөніндегі іс-шаралар тиімді жүзеге асып келеді", - деді облыс әкімі. Емхананың құрылыс жұмыстары 2014 жылдың сәуір айында басталған болатын. Оның құрылысына республикалық бюджеттен 1,5 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінген. Емхана 3 қабаттан тұрады. Ғимараттың жалпы көлемі - 3,6 мың шаршы метр. Емхана күніне 250 адамды қабылдай алады. Онда терапия, хиругия, неврология, жұқпалы ауруларды оқшаулау бөлмелері, балаларды қабылдау бөлмесімен әйелдерге кеңес беру, зертхана, рентгендік зерттеу және ультрадыбыстық зерттеу бөлмелері бар. Емхананың медицина қызметкерлерінің айтуынша, табысты жұмыс істеу үшін, барлық жағдайлар қарастырылған. Балпық би кентінің тұрғындары жаңа емхананың ашылуына байланысты өздерінің ыстық лебіздері мен ризашылықтарын білдірді. Ауыл тұрғыны Любовь Обдина: «Ауылымызда үлкен емхана ашылып, қуанышымызда шек жоқ. Бұл біздің көптен күткен арманымыз еді. Емхана озық үлгідегі заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Енді ем іздеп облыс орталығына бармайтын болдық» дейді. Балпық би кентінде ашылған емханаға жас мамандар жұмысқа тартылуда. «Оқуды бітіре салып, жаңа емханаға алғашқы дәрігерлердің қатарында жұмысқа орналасу - үлкен қуаныш әрі маған артылған жоғары сенім. Сол сенімді ақтау үшін тұрғындарды емдеу жолында барлық білімімді саламын» дейді жас маман Фарида Аллахвердиева. Биыл Алматы облысында денсаулық сақтау саласына 68,6 млрд теңге бөлінген. Облыс тұрғындарына 931 мекеме медициналық көмек көрсетеді. 2015 жылы облыс аумағында 24 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жоспарланған. Бүгінгі күні 8 денсаулық сақтау нысанының құрылысы аяқталды. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен 17 денсаулық сақтау нысанына 1,4 млрд теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 2015 жылы облыстың медицина ұйымдарын жабдықтау мақсатында жергілікті бюджет есебінен 1067,4 млн теңгеге 156 дана медициналық құрал-жабдықтар және 148,5 млн теңгеге 18 дана санитарлық автокөлік алынған, деп жазады «Айқын» газеті.

Соңғы жаңалықтар