Әлеуметтік сала қашанда Парламенттің айрықша назарында болады - Сенат төрағасы Қайрат Мәми

АНА. 21 сәуір. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында жиынға жетекшілік еткен палата Төрағасы Қайрат Мәми заң шығарушы органның алдағы негізгі міндеттеріне қатысты пікірін білдірді.
None
None

«Төраға ретінде алғаш рет жиын өткізіп отырғандықтан, алда тұрған келелі мәселелер бойынша қысқаша ақпарат бергім келеді. Негізінде қос палаталы Парламент мемлекеттік билік тармақтарының бірегейі ретінде Қазақстанның өркендеуіне сүбелі үлес қосып келе жатыр. Әсіресе, 2007 жылғы конституциялық реформаға сәкес, жоғары заң шығару органының өкілеттігі едәуір кеңейіп, мемлекеттік басқарудың президенттік-парламенттік нысаны анықталғаны баршаңызға белгілі. Жақында Елбасы «Нұр Отан» партиясының съезінде мемлекетіміздің саяси жүйесі Парламент құзыретін кеңейту арқылы одан әрі жетілдіретінін ашып айтты. Бұл Парламенттің қос палатасына да қатысты. Елбасы Жолдауында, президенттік ұлықтау рәсіміндегі сөзінде және 17 сәуірдегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттігін арттыру мен халықтың әл-ауқатын көтеруді, білім беру, денсаулық сақтау саласын жетілдіруге қатысты үлкен мақсаттарды айқындап берді. Сондықтан депутаттық корпус биліктің барлық деңгейдегі атқарушы және басқа да өкілді тармақтармен тығыз ынтымақтаса отырып, Елбасы көрсеткен айқындықтарға ерекше назар аударады деп сенемін», - деді Қ. Мәми. Сонымен қатар, спикер экономиканың индустриялық-инновациялық даму мәселесі, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау шарасы күн тәртібіндегі ең өзекті шаруа екендігін айтты. Бұл ретте әлеуметтік сала қашанда Парламенттің айрықша назарында болатынына сенім білдірді. Сонымен қатар, Төраға құқық қорғау, сот жүйесін одан әрі дамыту үрдісін жалғастыру сенаттың негізгі мақсаттырының бірі болып қала беретінін айтты.

«Президент тапсырмасымен қолға алынған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру үшін қажетті заңдардың сапалы әрі уақтылы қабылдануын қамтамасыз ету - ең басты міндет. Алда тұрған осындай келелі істердің дер кезінде абыройлы атқарылуына палатадағы тәжірибесі мол, парасатты, халықтың сенімін ақтап жүрген баршаңыздың риясыз қызметіңіз кепіл болады деп ойлаймын. Елбасы Н. Назарбаев ұсынысы бойынша мені Парламент Сенатының төрағасы ретінде бірауыздан қолдап, сенім білдіргендеріңіз үшін шын жүректен алғысымды айтқым келеді. Сіздермен қоян-қолтық қызмет етуді құрмет тұтамын. «Келісе пішкен тон келте болмас» деген. Ендеше бірге кеңесе отырып, егемен еліміздің кемел келешегі үшін Сенаттың салиқалы қызметін одан әрі жалғастыруға бірге атсалысайық», - деді Қ. Мәми.

Соңғы жаңалықтар