Әлеуметтік мәні бар аурулар тізбесі жаңарды: мемлекет пациенттерге кепілді медициналық көмекті сақтап қалады
АСТАНА. KAZINFORM — Жақын күндері әлеуметтік желілерде қант диабеті, церебральды сал ауруы және басқа да созылмалы аурулары бар пациенттер медициналық көмектен қағылып, дәрі-дәрмек ала алмайды деген жалған ақпарат тарап кетті. Бұл ақпарат мүлде шындыққа жанаспайды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлім етті.
Министрлік әлеуметтік мәні бар және созылмалы аурулары бар пациенттерге медициналық көмектің көлемі мен сапасы бойынша кепілдіктер толық көлемде сақталатынына сендіреді.
Ведомствоның мәліметінше, жаңартылған тізбеге 11 нозология кіреді, олар бойынша медициналық көмекпен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде-пациенттің сақтандыру мәртебесіне қарамастан ұсынылады.
ТМККК пакетінде мыналар қала береді: туберкулез, АИТВ инфекциясы, созылмалы вирустық гепатиттер және бауыр цирроздары, қатерлі ісіктер, психикалық және мінез-құлық бұзылыстары, орфандық аурулар, жіті миокард инфарктісі (алғашқы 6 ай), нерв жүйесінің дегенеративті аурулары, ОНЖ демиелинизациялық аурулары, эпилепсия, цереброваскулярлық аурулар (инсульттан кейінгі жағдай-бір жыл бойы).
Биыл тізбеге алғаш рет мыналар енгізілді:
• эпилепсия;
• цереброваскулярлық аурулар (инсульттан кейінгі жағдай — бір жыл бойы).
Министрліктің мәліметінше, мұндай шешім ұзақ мерзімді бақылауды және тұрақты дәрі-дәрмекпен емдеуді қажет ететін ауыр неврологиялық аурулардан зардап шегетін азаматтарды әлеуметтік қорғауды күшейтуге бағытталған.
Эпилепсия әлеуметтік мәні бар аурулардың тізбесіне енді
Диспансерлік науқастардың Бірыңғай тіркелімінің деректері бойынша Қазақстанда эпилепсиямен ауыратын 94 мыңға жуық пациент, оның ішінде 31 мың бала тіркелген. Жыл сайын осындай диагнозы бар пациенттер 4 млрд теңгеге жуық сомаға 14 дәрілік затпен қамтамасыз етіледі. Эпилепсияны әлеуметтік мәні бар аурулар тізбесіне енгізу пациенттерге уақтылы, тегін және білікті медициналық көмекке қол жеткізуге кепілдік береді, сондай-ақ тұрақты дәрілік сүйемелдеуді қамтамасыз етеді.
Неліктен инсульттен кейінгі пациенттерді қолдау маңызды
Цереброваскулярлық ауруларды (бір жыл бойы инсульттан кейінгі жағдай) ӘМА тізбесіне қосылды:
• пациенттерді үздіксіз оңалтумен және динамикалық бақылаумен қамтамасыз етуге;
• қалпына келтірудің ең маңызды кезеңінде дәрі-дәрмекпен емдеуді қамтамасыз етуге;
• қайталанатын тамырлардың бұзылу қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Инсульттан кейінгі алғашқы 12 ай функцияларды қалпына келтірудің және мүгедектіктің алдын алудың шешуші кезеңі болып табылады, сондықтан мемлекет дәл осы кезеңде кепілдіктерді күшейтеді.
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакетіне:
• қант диабеті;
• балалардың церебральды сал ауруы;
• дәнекер тіннің жүйелік зақымдануы;
• ревматизм аурулары кіреді.
Бұл ретте медициналық көмектің көлемі қысқармайды — тек қаржыландыру көзі ғана өзгереді. Барлық сақтандырылған пациенттер МӘМС жүйесі шеңберінде емдеуді, консультациялар мен дәрі-дәрмектерді тегін алуды жалғастыра береді.
Ертек анықтау және диагностика
Алғаш рет барлық әлеуметтік мәні бар аурулардың бастапқы диагностикасы сақтандыру мәртебесіне қарамастан ТМККК шеңберінде жүргізілетін болады. Бұған дейін бұл тек АИТВ инфекциясы және туберкулезбен ауыратын пациенттерге қатысты. Бұл ауруларды ерте анықтауды және емдеуді уақтылы бастауды қамтамасыз етеді, бұл денсаулықты сақтаудың негізгі факторы.
Мемлекет кепілдіктері
Мемлекет, бұрынғыдай, азаматтардың жеңілдетілген санаттарына қатысты барлық кепілдіктерді сақтайды: балалар, жүкті әйелдер, зейнеткерлер, студенттер, мүгедектер, жұмыссыздар және басқалар.
— Барлығы — 11 миллионнан астам қазақстандық. Соның ішінде — мемлекет есебінен сақтандырылған және медициналық көмекті тегін алуды жалғастыратын балалардың церебральды сал ауруымен (БЦА) ауыратын барлық пациенттер, — деп хабарлады ведомстводан.
Денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік мәні бар аурулардың тізбесін жаңарту көмекті қысқарту емес, қаржыландыру тетіктерін жетілдіру және ең осал пациенттер үшін кепілдіктерді күшейту екенін атап көрсетеді. Сақтандыру жарналары жергілікті атқарушы органдар есебінен төленетін азаматтардың әлеуметтік осал санаттарын (D және Е санаттары) сақтандыруды қаржылық қамтамасыз етуге ерекше назар аударылатын болады.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда әлеуметтік мәні бар аурулардың (ӘМА) жаңартылған тізбесі күшіне енеді. Шешім «Кейбір заңнамалық актілерге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және медициналық қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру шеңберінде қабылданды.
Еске сала кетейік, бұған дейін де церебральды сал ауруы бар пациенттер медициналық көмек пен дәрі-дәрмекті бұрынғы көлемде алатынын жазған едік.