Алғашқы жартыжылдықта Теңге сарайы өнімдерінің 60 пайызы экспортқа шығарылды - ҚР Ұлттық банк төрағасы

Оны ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Григорий Марченко бүгін Алматыда Халықаралық монета қауымдастығының «2011 жылдың үздік банкноты» аталымы бойынша марапатын қабылдап алу рәсімі кезінде айтты.
«Алғашқы жартыжылдықта Теңге сарайында жасалған жұмыстардың 60 пайызы экспорттық тапсырыс болды. Оның ішінде Тәжікстан мен Қырғызстанның айналымдық монеталары және Польша, Германия сияқты бірқатар Еуропалық елдерге күміс монета сатамыз. Сондай-ақ, әрқилы елдерге шығарылатын ескерткішті және коллекциялық монеталарды да соғамыз», - дейді. Г.Марченко.
Оның айтуынша, Банкнота фабрикасындағы экспортық өнімдер қатарында акциздік маркалар, төлқұжаттар және банкноттар бар. Ал субконтракт бойынша шығарылатын банкноттарға тапсырыс беруші елдің атауы құпия мәлімет болып саналады.