Әлихан Смайылов бензин бағасы өсуінің инфляцияға әсері туралы айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат – Премьер-Министр Әлихан Смайылов бензин бағасының қымбаттауы инфляцияға қалай әсер ететінін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Жанар-жағармай бағасының өсімі белгілі бір деңгейде инфляцияға әсер етеді. Тікелей ықпалын алып қарасақ, 0,4 мөлшеріндегі дизель отыны мен АИ-92 бензинінің тұтыну үлесін ескере отырып, орта есеппен жан басына шаққанда, инфляцияға әсері шамамен 0,35% болады. Бұл - тікелей әсер»,- деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына.

Оның айтуынша, жанар-жағармай бағасы өсуінің инфляцияға жанама әсері де болады.

«Дизель мен бензин өндірушілердің шығындарын ескерсек, инфляцияға белгілі бір мультипликативті әсер болады. Дегенмен Мемлекет басшысы бізге жыл соңына қарай инфляция деңгейін екі есеге төмендету міндетін қойып отыр. Сондықтан Үкімет инфляциялық процестерді тежеу бойынша жүйелі және жедел шаралар қабылдап жатыр», - деп атап өтті Премьер-Министр.

«Наурыз айының қорытындысы бойынша инфляция қарқынының айтарлықтай баяулағанын көріп отырмыз. Егер ақпан айында жылдық инфляция - 21,3% болса, наурызда көрсеткіш - 18,1% Бұл үрдіс одан әрі жалғасады, инфляциялық процестерді тежеуге бағытталған шаралар кешенін белсенді түрде іске асырамыз», - деп толықтырды Ә. Смайылов.

Бұған дейін Үкімет басшысы еліміздегі арзан жанармай әртүрлі жолмен көрші елдерге кетіп жатқанын айтқан еді.


Соңғы жаңалықтар