Алматыда тау шыңына шығушыларды санайтын алғашқы құрылғы орнатылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматының Үлкен Алматы шыңында еліміздегі тауға шығушылар санын есепке алатын алғашқы автоматты құрылғы орнатылды. 

тауға шығушылар санын есепке алатын автоматты құрылғы
Фото: Алматы әкімдігі

Жоба қалалық туризм басқармасы тарапынан туристік инфрақұрылымды дамыту және белсенді әрі экологиялық демалыс саласына цифрлық технология енгізу аясында жүзеге асырылып отыр.

тауға шығушылар санын есепке алатын автоматты құрылғы
Фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкімдігінің мәліметінше, мақсат — тауға шығушылардың белсенділігін дәл есептеу. Мұндай жүйелер тау туризмі дамыған Швейцария, Аустрия, Жаңа Зеландия мен Норвегия сынды елдерде кеңінен қолданылады.

— Құрылғы ауа райының кез келген жағдайында жұмыс істейді және өрлеуді адамсыз өзі-ақ автоматты түрде есептейді. Жиналған мәліметтер туристер санын талдау, навигация жүйесін жетілдіру және таудағы қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында пайдаланылады. Саяхатшылардан орнатылған жабдыққа ұқыпты қарауды және құрылғыны қолмен баспауын сұраймыз. Бұл нақты статистикалық деректерді анықтау үшін қажет, — деп хабарлады әкімдіктен.

тауға шығушылар санын есепке алатын автоматты құрылғы
Фото: Алматы әкімдігі

Қазан айының соңына дейін осындай құрылғылар Қаныш Сәтбаев және Жастар шыңына орнатылады.

Еске салайық, бұған дейін Алматы тау кластері қалай дамитынын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар