Алматы әкімі жанындағы Іскерлік кеңес «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасының орындалуын талқылады

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кеңес отырысына мемлекеттік органдар мен қаржы инстиуттарының, бизнес қауымдастықтың өкілдері, кәсіпкерлер қатысты. Қалалық өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасының бастығы Бақытжан Сәпиевтің айтуынша, екінші деңгейлі банктерге бағдарламадағы «бизнес бастамаларды қолдау», «экспортқа негізделген өндірісті қолдау», «кәсіпкерлікті сауықтыру» бағыттары бойынша 63 өтініш келіп түскен. Алайда бұлардың мақұлданып, аймақтық үйлестіру кеңесінің қарауына жіберілгені санаулы ғана. Ал салалық қауымдастықтардың ақпары бойынша берілген өтінімдердің саны 500-ден асатын көрінеді. Отырыс барысында қала әкімі Ахметжан Есімов ел бизнесінің үштен бірі шоғырланған қала үшін бұл өте төмен көрсеткіш деп атап өтті. Кәсіпкерлердің айтуынша, банктер жаңа кәсіп ашуды көздейтін жобалардың тәуекелділігінен қорқып, қаржыландырудан бас таратын көрінеді. Кәсіпкерлер бұнымен қатар несие беру құнының жоғарылығы, банктердің кәсіпкерлерге сенімсіздігі, несиені рәсімдеудің қиындығы, несиені қайта қаржыландырудың жоқтығы, валюталық несиелерді қайта қаржыландырудан банктердің бас тартуы, кепілдік мүліктерді дұрыс бағаламау бағдарламаның жүзеге асуына кедергі келтіріп отыр деді. Алматының өндірісшілер мен жұмыс берушілер одағының бас директоры Валентина Бреусованың айтуынша, банктер жаңа өндіріс орындарының жобаларын қаржыландыруға құлықсыз. Қаржы институттары өкілдерінің сөзіне қарағанда, банктердің кәсіпкерлерге несие беруден бас тартуына себеп-тәуекелділіктің жоғарылығы, сондай-ақ әлемдік қаржы дағдарысының салдары да бар. Бұнымен қатар олар бағдарлама аясында мүмкіндіктердің шектеулігі несие беруге қол байлау дейді.
Отырыс барысында ҚР Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын қадағалау, реттеу агенттігінің төрайымы Елена Бахмутованың айтуынш, банктер шағын және орта бизнесті өз қаржылары арқылы несиелендіре алады. «Егер несие алушының төлем қаблеті жоғары болса, банктердің басым бөлігі өз айналымындағы қаржы есебінен несие бере алады», деді Агенттік төрайымы.
Отырыс барысында қала әкімінің орынбасарына айтылған ұсыныс, ескертпелерді Үкімет басшысының атына жолдауды тапсырды. Қала әкімі банктердің бағдарламаға қатысуын іскерлік кеңестің бақылап, олардың іс-әрекеттерін жұртшылыққа хабардар етіп отыратынын атап өтті. «Бағдарлама мақсаттары жақсы. Мүмкін оның жүзеге асырылу тетіктері толыққанды бағдарланбаған болуы керек. Мүмкіндігінше бағдарлама табысты жұмыс істеп, кәсіпкерлікке жақсы нәтиже беруі үшін проблемалық жақтарын анықтап қарау қажет», деді А.Есімов.