«Алматы әуежайы» акционерлік қоғамының бұрынғы директорына іздеу жарияланды
Ағымдағы жылы маусымның 4-інде «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ-ының президенті Айбол Бекмұхамбетов әуежайдың бұрынғы басшылығының мекеме қаражатын мақсатсыз пайдалану фактісі туралы қаржы полициясының қалалық департаментіне шағым түсірген болатын.
«Осы шағым бойынша жүргізілген тексерудің нәтижесінде, шілденің 27-сінде агенттік әуежайдың 58,7 миллион теңге сома қаржысының ұрлану факті бойынша қылмыстық іс қозғады. Осы факті бойынша әуежайдың бұрынғы президенті Ыдырысовқа сырттай айып тағылды», деді М.Жұманбай.
Қаржы полициясы өкілінің айтуынша, қылмыстық істі тексеру барысында «Алматы халықаралық әуежайы» акционерлік қоғамынан жаңа жолаушылар терминалының құрылысына бөлінген 1 миллиард 167 миллион теңге соманың да қымқырылу факті анықталған. Осы факті бойынша тамыздың 24-інде қылмыстық іс қозғалып, соның аясында Ыдырысовқа және «IC-Group» ЖШС-нің директоры Мұхамеджанға сырттай айып тағылған.
«Тамыздың 26-сында сот санкциясымен Ыдырысов пен Мұхамеджанға іздеу жарияланды. Қылмыстық істер әлі тексеріліп жатыр, тергеу мүддесі үшін басқа ешқандай мәлімет жария етілмей отыр», - деді М.Жұманбай.