Алматы балабақшаларына қазақ және ағылшын тілдерін үйрететін заманауи кешен енгізіледі

АЛМАТЫ. 14 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда «Сиқырлы қалам» деп аталатын интерактивті оқу-әдістемелік кешенінің тұсаукесері жасалды.
None
None

Мектеп жасына дейінгі балаларға арналған жаңа бағыттағы инновациялық тіл үйрету құралы қазақ және ағылшын тілдерін меңгеруге арналған. Бұл шараны  Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасы Алматы қаласының 2011-2015 жылдарға арналған даму бағдарламасына сәйкес жүзеге асырып отыр. Мақсат - мемлекеттік тапсырыспен, жаңа технологияларға сай әзірленген жаңа интерактивті оқу-әдістемелік кешенін көпшілікке таныстыру, мектепке дейінгі білім мекемелерінің тиісті мамандарына әдістемелік және техникалық қолдану тәсілдерін көрсету.Онда«Сиқырлы қалам» арқылы балаларға бір мезгілде оқуға, тыңдауға мүмкіндік беріледі.  Қаламды плакатқа тигізгенде, суреттерге «жан бітіп», бейнелер экранға көшіп, сөйлеп кетеді. Қаламның сиқырлы сыры да осында.

Заманауи технологияның соңғы жетістіктеріне сүйене отырып жасалған оқыту үрдісінде қолдануға оңтайлы кешен Алматы балабақшаларына алғаш рет ұсынылып отыр. Оның балалардың тіл үйренуге деген қызығушылығын дамытуға, танымын, қабілетін арттыруға тигізер септігі зор. Интерактивті кешенмен жаттыққан бала қазақ және ағылшын тіліне тән дыбыстардың дұрыс айтылуын, екпінді дұрыс қолдана білуді жеңіл меңгереді. Сөздерді буынға бөлуді, санауды, түстердің реңін атауды, жадына түйген сөздік қоры арқылы түрлі іс-әрекеттерге байланысты қысқа сөйлемдер, шағын әңгімелер құруды үйренеді. Сөздік қорын молайтып, алғыс айту, өтініш білдіру, құттықтау тәрізді этикет тәртібін орындауға да жаттығады. Тіл үйрету құралының әдіс-тәсілдері балалардың жас ерекшелігіне сай   үйлестірілген.  Кешен кез келген теледидарға немесе компьютерге қосылады, сол арқылы танымдық, қызықты бағдарлама тамашалап отырғандай әсер береді. Балалардың  жан дүниесіне жақын, жас ерекшелігіне сай анимациялық, мультипликациялық көріністер олардың тіл үйренуге деген қызығушылығын арттырып, есте сақтау қабілетін дамытады. Балалар  есту, көру, қайталау арқылы сөздерді дұрыс айтуға жаттығады.

Соңғы жаңалықтар